Ел – мерейлі

     Қаражал қаласында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, олардың өз мәнінде өтуіне жалпы қала жұртшылығы бір кісідей жұмылды.

Мереке бағдарламасы аясындағы «Қаражал аруы — 2017» байқауы жеңімпаз тәжіне үміткерлердің қазақ қызына тән болмыс-бітімі мен талантын танытып, жан-жақты шеберлік қырларын айғақтап берсе, алуан түрлі спорттық бәсекелер қатысушылардың қайрат-жігерін паш етті.

Орталық алаңда тігілген киіз үйлерден молшылық пен берекенің лебі есіп, өткенге салауат айтып, келер күндерге үміт артқан қариялардың аппақ тілектері ақтарылып жатты. Мерекелік шара барысында 200 адам қайырымдылық көмегімен қамтылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары «Қош келдің, нұрлы Наурыз!» атты мерекелік концерт пен ұлттық салт-дәстүрлерді әспеттейтін түрлі байқауларды қызыға тамашалады.

Мерекелік іс-шараларды қызықтауға жиналған қалың қауымды қала әкімі Қайрат Шорманбаев құттықтап, жаңа жылда толайым табыс пен жарасымды тірлік тіледі.

Көпшіліктің көңіліне қонымды іс-шаралар Жәйрем, Шалғия кенттері мен Ақтай ауылында да ұтымды ұйымдастырылды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.