Жаңалықтар

Ел кіндігі – елорда

 

          Ерке Есілдің жағасындағы елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Жезді кенті Мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласының құрдастарымен кездесу кеші өтті.

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «20 жылға – 20 жұлдыз­ды іс-шара» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Күн дидарлы Астана» атты кездесу кешінің қонағы, Жезді кенті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Төрегелдин Елорданың еңсе көтеруіндегі архитектор мамандарының ерен еңбегін тілге тиек етіп, оның керемет жерлерін көргенде шетелде жүргендей жақсы  әсер қалдыратынын айтты. «Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы» музейінің директоры, Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты З.Қазанбаева «адам дүниеге келгенде тарихи оқиғалармен бірге келуі – кездейсоқтық емес, 1941 жылы дүниеге келгендер «Соғыстың балаларымыз» десе, ал 1945 жылы дүниеге келгендер «біз Жеңістің балаларымыз» деп мақтанатындарын еске салып, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздегі үлкен мақтанышымыз – Астана қаласының бой көтеруі, бүгінгі іс-шараның негізгі қонақтары Астана қаласының құрдастары болғандарыңызды мақтан етіп жүріңіздер» деген ойын ортаға салды. Кент әкімдігінің жетекші маманы  Қ.Әлсейіт дамыған елдердің қатарына кіру үшін жан-жақты білім алу керектігін түсіндірсе, жастармен жұмыс жасау инспекторы А.Жакенова мемлекетімізде жақсы білім алуға, демалуға барлық мүмкіндіктер жасалғандығын әңгімелеп берді.

Кеш куәгерлері, 1998 жылы дүниеге келген Астана қаласының құрдастары Б.Қуаныш, А.Нұрсұлтан және С.Шаяхмет елордамыз туралы ойларын ортаға салып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Кентіміздегі кітапханамыздың меңгерушісі К.Құсайынова  өзінің «Аңыз Астана» өлеңін оқып, көрермендерді бір серпілтіп тастаса, жас әнші  Ә.Қожахметов орындаған «Ұлы дала» әнімен көпшіліктің көңілінен шықты. С.Байғожин орындауындағы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған, Т.Мұхамеджановтың «Город мой» әніне түсірілген, Астана қаласының сұлулығын бейнелейтін бейнебаянды экраннан тамашалаған жастар еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімдерін жасыра алмады. Жүргізуші Алма Сарықызы келген қонақтарға қызықты ойындар ойнатып, кештің соңына қарай Мәдени-сауық орталығының атынан сыйлықтар табыстаса, жезтаңдай әнші А.Смағұлов  «Туған жер» әнімен шараны қорытындылады.

Ғалия МҰҢАЙТПАСҚЫЗЫ,

Жезді кенті Мәдени-сауық орталығының жасөспірімдермен іс-шара ұйымдастырушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button