АбайАймақ

Ел күткен емдеу орны

Абай ауданындағы Юбилейное ауылының халқы бұған дейін салынғанына елу жылдан асқан ескі де тар ғимаратта ем-дом алып жүретін. Енді Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында осы елді мекенде тұратын 1093 адамға медициналық қызмет көрсететін заманауи жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды.

Сурет: облыс әкімдігінен алынды

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген әсем ғимараттың іші кең және қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Атап айтқанда, химизатор мен фельдшердің егу, қарау кабинеттері, киім ауыстыратын, шешініп, жуынатын бөлмелері бар. Бұл кабинеттер алғашқы медициналық көмек көрсету, тұрғындарды иммундау, талдау сынамаларын алу үшін керек-жарақпен қамтамасыз етілген.

– ФАП бір ауысымда 10 емделушіні қабылдауға есептелінген. Олар бұл жерде дәрігерге дейінгі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек алады. Халыққа фельдшер, акушер, медбике, сондай-ақ, жалпы практика дәрігері қызмет көрсетеді, – дейді Абай аудандық ауруханасының директоры Айгүл Бәшекова.

Ғимараттың жиһаздары жаңар­тылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін пандус, шақыру түймесі мен қозғалыс индикаторы орнатылыпты.

Бұл игі іс мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы жылдары Абай ауданының елді мекендерінде «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша тағы сегіз медициналық мекеме салу жоспарланған.

Юбилейное ауылында ФАП ашылуына жиналған жұртты Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов пен облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова құттықтап, жаңа медициналық мекемені аралап көрді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button