Рухани жаңғыру

Ел болашағы – әліпбиде

   Әліпби – өркениетке тиесілі. Ал, қазақ әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатыны туралы айтылған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен  танылған көне түркі жазуы пайда болып, қолданылғаннан бері талай ғасыр өтті. Әр заманның өзіне тиесілі әліпбиі болады деп айтылған күннің өзінде әр түрлі жағдайларға байланысты өзгеріске ұшырауы мүмкін болатын, әр тілдің өзінің айтылуы, дауыс үндестігін білдіретін қаріпті таңдау – ұлт алдындағы үлкен жауапты іс.

Қазақстан – зайырлы мемлекет ретінде бірнеше жылдар бойы қолданыста болған кириллицадан бас тартып, латын әрпіне көшуге үлкен қадам бастады. Латын қарпі – жазуы Орхон-Енисейден бастау алатын жалпы түркі жұртына таңсық емес. Түркі жұртының негізін қалаған мемлекетінің ұлы қайраткері Мұстафа Кемал Ататүрік 1929 жылы латын қарпіне көшіп, елін зайырлы елдердің қатарына шығарған түрік тілі – бүгінде әлем елдерінің көпшілігі қолданатын тілдерге айналып үлгерген. Бұл – басшының көрегендігі.

Елбасымыз Н.Назарбаев та қазақ елі үшін тарихи таңдау жасады. Латын қарпіне көшу туралы Жарлыққа қол қойып, қазақ елін жаңа биікке, жаңа көкжиекке бастады. Қазақ елі болса көреген басшысының,  бірінші Президентінің бұл реформасын көпшілік болып қолдады. Жаһандық түрлендіру жүргізіп, мемлекетті дамудың жаңа сатысына көтерген басшының бұл халық алдындағы беделі мен құрметінің жоғары екендігінің көрінісі. Бір ауыз сөзбен-ақ жан-жағындағы алпауыт елдерге төтеп беріп, қазақ елінің болашағы, жас буынның болашағы үшін тарихи шешім қабылдады. Қазақ елін мойындатуда, түркі жұртына ықпалдасуда, түпкі тамырын жоғалтпауда бұл шешімнің маңызы зор.

Христиан дінін уағыздау үшін жасалған славян әліпбиін ойлап табылған кириллицаға да өкпеміз жоқ. Қазақ елінің тарихында қалатын бұл әліпби арқылы бірқатар игілікті істер атқарылды. Енді – әлем төртінші революцияға аяқ басты. Жеке адам емес, тұтас халық бәсекеге қабілетті болғанда ғана табысқа жетуге болатын кезде техника тілін меңгеру қажеттілігі туды. Демек, ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу – әр қазақстандықтың міндеті.

Жаңа өнеркәсіптік революция кезеңінде кім көшбасшы болмақ? Әрине, дамыған, озық елдің ұтатыны, революциядан пайда көретіні белгілі. Жыбырлаған дүниенің барлығы автоматтандырылатын жаңа кезеңде, автоматты түрде қажеттіліктен шығып қалатын орта және біліктілігі төмен жұмыс күшінің көптігі – дамыған емес, дамушы елдерді артқа тартатыны мәлім. Елбасымыз Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу сияқты міндеттерді алдыға қойды. Революциялық өзгеріс алдымен адамдарға әсер ететініндей, жаңа перспектива – уақытпен қатар жүруді қалағанға үлкен мүмкіндік. Бұл адам құнды ресурс болудан қалып, дүниені робот пен компьютер билейді деген емес. Керісінше, олардың қабілеті құнды ресурс ретінде алға шықпақ. Бұл орайда тағы қаріп мәселесі туындайды. Жаһандану үдерісі, бағдарлама тіліне айналып үлгерген ағылшын тілі мен латын графикасы көкжиегін кеңге созды. Өйткені, бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отыр.

«Заманынан қарай адамы» деген де бар. Осы орайда, айта кету керек, социологтар X, Y және Z буынының өкілдері деп бөледі. Демек, әр жылдары дүниеге келген ұрпақтың да қажеттілігі әр түрлі. Социологтардың айтуынша қазір, төртінші революция кезеңінде Z буынының өкілдері мектеп партасында отырғандар. Олар – интернеттен туындаған ұрпақ. Олар – жылдам, әлеуметтік желіде бола отырып, қоғам проблемасынан да тысқары қалмайды. Олар – әр түрлі технологиялық құралдарды ойлап табушылар. Олар – ақпаратты  қолдарындағы смартфон арқылы жер жүзінен алады. Жылдамдықты талап еткен қазақ ұрпағының келесі буынын әлем елдеріне ықпалдастыруда ағылшын тілін үйренуге, оның ішінде ағылшын тілін үйренуге қолайлы латын қарпіне көшуге шешім қабылдау – Елбасының болашақ ұрпаққа жасаған үлкен сыйы.

«Аяққа қайта тік тұру үшін ұлы қолбасшы және ұлы саяси қайраткер болу керек. Өз халқына деген үлкен махаббат, оны шексіз сүю, сонымен қатар, көсем күшті, әрі еріктік сапаларға ие болуы қажет. Қанша адам осы қасиеттерге ие? Адамзат тарихында осы сынды қанша адам болды?» деп жазады тарихшы Джастин Маккарти. Ататүрік болмағанда, түрік халқы бүгінде болмас еді, деп баға береді.

Н.Назарбаев – қазақтың тұңғыш президенті. Саяси реформаларды жүргізе отырып, халықтың да көңілінен шыға білу – үлкен білгірлікті талап етеді. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – жүрек жұтқан ерлікпен пара-пар. Тіл тағдырын ойлай отырып, елін әлемге танытуды мақсат еткен Елбасымыз да Джастин Маккарти берген анықтамаға лайық. Елінің патриоты, ұлы елді ұлы көшке бастаушы, қазақ елін жаңа биікке көтерген қолбасшы.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button