Бас тақырыпОблыс әкімі

Экономикалық өсімге не кедергі?

Қарағанды облысының он бір айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен нысаналы индикаторларының орындалысы кеңінен сөз болған кезекті аппарат мәжілісін аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өңірде орын алған кадрлық өзгерісті хабарлаудан бастады. Атап айтқанда, Қарқаралы ауданында – жаңа әкім. Бұрынғы аудан әкімі Халел Мақсұтов басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ал, Қарқаралы ауданы әкімі болып Эльдар Дүйсетаев тағайындалды.

15 НЫСАНАЛЫ ИНДИКАТОРДА НЕ КЕМ?

 Қарағанды аймағының он бір айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде, жалпы алғанда, өсім бар. Өндірістегі, құрылыстағы, тұрғын үй құрылысындағы мәліметтерді жария еткен экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов облыс әкімдігімен жасалған меморандумдағы 15 нысаналы индикаторлардағы ахуалға назар аударды.

Шағын және кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі артып отыр. Мұндағы нысаналы индикаторда өсім бар. Жұмыссыздық индикаторы биылға – 4,9 пайыз деп жоспарланған. Ал, үшінші тоқсан бойынша жұмыссыздық – 4,4 пайыз шамасында. Ана өлімі бойынша 11 айда 7 жағдай тіркелген. 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту бүгінде 100 пайызды көрсетті. Биылдың өзінде 18 балабақша ашылса, оның 16-сы мемлекеттік жеке меншік негізде жұмыс істеп тұр.

Тұрақты жұмыс орындарымен қамтуда 6 400 жұмыс орнын ашу көзделсе, бұл межеге қол жеткізілді. Тұрғын үймен қамтуда 420 мыңнан астам шаршы метр баспана беру көзделсе, қаржыландырудың түрлі көздері арқылы он бір айда аталған жоспарды 120 пайызға орындауға мүмкіндік туған.

Республикалық, облыстық деңгейдегі көлік жолдарының қанағаттанарлық үлесі – 75 пайызды құрайды. Қылмыстық ахуал бойынша тіркелген жағдайлар 20,6 пайызға кеміді. Жол көлік оқиғалары 22,5 пайызға азайғанын айтады. Жалпы, облыс экономикасын жыл қорытыныдысы бойынша 5,2 пайызға өсіру міндеті тұр.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң өсімі болғанымен, проблемалардың да бар екендігін атады.

– Негізгі индикаторлар орындалғанымен, әлі де мәселелер жетерлік. Айталық, өнеркәсіпті алайық. Облыс өнеркәсіпті, өндірісті бола тұра, өткен жылдың деңгейіне жете алмай келеміз. Мен қазанда, қарашада жағдайды бақылап отырмын. Былтырғы жылдың деңгейіне жетеміз деп уәде бергенсіздер. Міне, желтоқсан туды. Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Себеп не? – деді аймақ басшысы құзырлы орын басшыларына. Өнеркәсіп және индустриалдық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның болат өндірудегі жоспары кемігенін жеткізді. Мәселен, зауыт осы қараша айында 31 мың тонна болат өндірген. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 86 мың тонна шамасында болған. Шикізаттық емес экспорттың төмендігін де құзырлы орындар қара металмен байланыстырып отыр. Дәлірек айтқанда, көлемі сақталғанымен, оның құнында әлемдік нарықта өзгерістер орын алған.

Тұрғын үй құрылысындағы көрсеткіштердің кемдігі Жеңіс Махмұдұлының назарынан тыс қалмады. Бұл орайда, қала, аудан әкімдері баяндады. Оған қоса, инвестиция тартуда да олқылықтар бар. Осыған байланысты облыс әкімі әкімдерге өз өңірлеріне инвестиция тартумен айналуға тапсырма берді. Республикалық маңызды жобаларды есепке алмай, өздерінің тараптарынан инвестиция тартумен шұғылдануды жүктеді. Әкімдер дамудың өзге де көздерін қарастыруға міндетті. Ана өлімінің екі есе көптігі не де аймақ басшысы ескерту жасады. 8 өңірде құрылыс жұмыстарының деңгейі төмен.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕ ИГІ ШАРА КӨП

Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин ұлттық мерекені ұлықтауда ұзын-саны 170 шара өтетінін хабарлады. Бұдан бөлек қала, аудандарда баспана кілттері де табысталады. Деректерге сүйенсек, Саранда – 120, Шахтинскіде – 32, Бұқар жырауда – 16, Приозерскіде – 12, Жаңаарқада – 8, Сәтбаевта – 3 отбасы баспана кілтін алады деп күтілуде. Сондай-ақ, 20 қайырымыдылық шарасының аясында 70 млн.теңгенің көмегі көрсетіледі. Мереке қарсаңында қоғамның түрлі саласында жүрген мамандарға 51 марапат тапсырылады.

Ал, Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күні аталып өткеннен соң 18 желтоқсанда ғана басталады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button