Бас тақырыпРесми

Экономика: не ұттық?

Облыстың биылғы экономикалық өсімі 106,6 пайыз. Негізгі қорға құйылған инвестициялар 1,6 есе өсті және оның жалпы көлемі 685 млрд. теңге шамасында. Биыл бұл көрсеткіш 700 млрд. теңгеден асып жығылады деп күтілуде. Ал, облыстағы құрылыс жұмыстарының ауқымы 2 есеге ұлғайды. Бүгінгі таңда 372 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерді. Ал, бюджетке түсетін міндетті және өзге де салық түрлерінен түскен түсім жоспардан 3,9 пайызға артық.

Сондай-ақ, 2019 жылы жалпы құны 110 млрд.теңгелік 8 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың қатарында «YDD Corporation» ферроқорытпа зауыты, Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты, үш күн электр станциясы, «Альфарух» көтерме-логистикалық орталығының құрылысы бар. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы облысқа 700 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды. Деректерге сүйенсек, кейінгі екі жыл аралығында инвестиция көлемі екі есеге көбейіп отыр.

Ауыл шаруашылығында да биылғы жылы көрсеткіштер айтарлықтай. Мәселен, ет шаруашылықтары Қытайға, Иран мен Өзбекстанға 1386 тонна сиыр етін экспорттады. 12 мың бас малға арналған 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Осы жылдың өзінде 6 жаңа ферма құрылды. Бұл фермалар сандық технологияларды өндіріске енгізген. Қазіргі таңда 210 кәсіпорын 106 млрд. теңгенің өнімін шығаруда.

АӨК-де жалпы сомасы 33,3 млрд. теңге болатын 55 инвестиция лық жоба іске асырылуда. Кәсіпкерлікті қолдау Картасы аясында «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының құны 3 млрд. теңге тұратын бие, түйе және ешкі сүтінен жасалған балалар тағамы мен сүт өнімдерін өндіретін зауыты салынуда.

Жыл сайын облыста 9 000 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелуде. Бұл болса, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруда. Қазірі таңда кәсіпкерліктегі шағын және орта бизнес өкілдері ірі алпауыт компаниялар шығаратын өнімнің үлесімен теңесуге жақындады. Ал, бұл бизнесте тұрғындардың 34% нәпақасын айырады. Бұл дегеніміз, әрбір үшінші қарағандылық. Болжамдарға сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестегі өндіріс көлемі 1,5 трлн. теңгеден асады деп күтілуде.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл 65 жоба қолдау тапты. Олардың құны 10 млрд. теңгеден асып жығылады. Оған қоса, тағы 50 жоба – талқылауда. Кәсіпкерліктің қанат жаюына байланысты облыста 32 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 37 мың адам жұмысқа тұрғызылды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019 жылы жалға берілетін, несиелік тұрғын үйді сатып алуға, инженерлік коммуникацияға республикалық және жергілікті бюджеттерден 12,3 млрд. теңге бөлінді. 3,5 мыңнан астам отбасы пәтермен қамтылды. Оның ішінде 1008 адам – әлеуметтік кезекте тұрғандар.

Ескі үйлер де қалпына келтірілуде. Биыл республикалық бюджет пен қайтарымды қаражат есебінен тағы 18 тұрғын үй жөнделді. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап лифтілерді ауыстыру бойынша үлкен бағдарлама басталды. Облыста 300 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілері салынып, қайта жаңартылды. Өңір қалаларында тұрғындардың 97% – ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізсе, ауылдарда бұл көрсеткіш 87%-ды құрайды.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button