Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өсті
2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға өсті. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының басым бөлігі жеке құрылыс ұйымдарының үлесіне тиесілі. Атап айтқанда, жалпы көлемнің 89,5%-ын жеке компаниялар, 9,8%-ын шетелдік, ал, 0,7%-ын мемлекеттік құрылыс ұйымдары орындады, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап

Құрылыс саласындағы өсімге негізінен ғимараттарды салу және жөндеу жұмыстары ықпал етті. Бұл бағыттағы жұмыстардың көлемі өткен жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 15,8%-ға артқан. Орындалған құрылыс жұмыстарының құрылымында автомобиль жолдары, теміржолдар мен метрополитен құрылысының үлесі басым. Аталған бағыт жалпы көлемнің 25,4%-ын құрады. Одан кейін тұрғын емес ғимараттар құрылысы – 21,5%, ал, тұрғын үйлер құрылысы – 12,6% үлеске ие болды.
Өңірлер бөлінісінде республиканың 18 аймағында құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі тіркелді. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында байқалып, көрсеткіш 2,3 есеге артқан. Сондай-ақ, Қызылорда облысында құрылыс жұмыстарының көлемі – 30,5%-ға, Атырау облысында – 25,7%-ға, Павлодар облысында – 23,8%-ға өсті. Алматы қаласында өсім – 23,1%-ды құраса, Түркістан облысында – 20,6%, Шығыс Қазақстан облысында – 15,5%, Батыс Қазақстан облысында – 15,4%, Ақтөбе облысында – 14,2%, Абай облысында – 13,1% болды. Астана қаласында да құрылыс қарқыны артып, көрсеткіш – 11,8%-ға жетті.
Есепті кезеңде пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 18,3 млн шаршы метрді құрады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысының көрсеткіші де оң динамика көрсетті. Атап айтқанда, қаңтар-қазан айларында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға өсіп, 14,9 млн шаршы метрге жетті.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңының 9,6 млн шаршы метрі көппәтерлі үйлерге, 5,2 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Тұрғын үй құрылысының негізгі үлесін жеке құрылыс салушылар қамтамасыз етті. Олардың есебінен 14,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жалпы көрсеткіштің 95%-ына тең. Оның ішінде халық өз күшімен 5,6 млн шаршы метр тұрғын үй салған.
Өңірлер арасында тұрғын үй құрылысының ең жоғары көлемі – Алматы облысында тіркелді. Мұнда 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 16,9%-ды құрады. Түркістан облысында – 988,5 мың, Қызылорда облысында – 804,1 мың, Ақтөбе облысында – 760,8 мың, Жамбыл облысында – 588,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталған өңірлердегі өсім тиісінше 6,2%, 4,9%, 2,2% және 0,4% болды.
Құрылыс саласындағы оң өзгерістер әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының санынан да көрініс тапты. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында білім беру және денсаулық сақтау салаларында бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 22 610 оқушы орнына арналған 44 жалпы білім беретін мектеп, 5 437 орындық 37 мектепке дейінгі ұйым салынды. Сонымен қатар, ауысымына 328 адамды қабылдауға қауқарлы тоғыз амбулаториялық-емханалық ұйым іске қосылып, ауруханалардағы төсек-орын қоры тағы 120 орынға толықты.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



