Қауіпсіз қала – қамсыз тұрмыстың шарты
Қаланың да өз ырғағы, өзіндік тынысы бар. Таңғы қарбалас, толассыз көлік қозғалысы, кешкі көшенің күйбеңі – бәрі бір-бірімен сабақтас. Осы қалыпты тіршіліктің бұзылмауы жолдағы тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке және қалалық қызметтердің үйлесімді жұмысына байланысты. Бүгінде бұл міндетті атқаруға цифрлық технологиялар да жұмылдырылған. Қарағанды мен Теміртау шәріндегі ақылды өткелдер, бейнебақылау орталықтары мен автоматтандырылған бағдаршам жүйелері соның бір көрінісі. Дегенмен, техникалық жаңғырудың нақты нәтижесі қандай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қалалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету маңызды мемлекеттік міндет ретінде айқындалды. Бұл тұрғыда өндірісті өңірдің қалаларында қолға алынған бастамаларды саралаудың мәні зор.

Президент Жолдауында қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, оның жұмысын тиімді басқару және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану мәселелеріне назар аударылған. Әсіресе, инженерлік желілер мен көлік қозғалысын заманауи жүйелер арқылы бақылау қаланың күнделікті тіршілігін ұйымдастыруда маңызды орын алады. Мұндай технологиялардың басты мақсаты – ақпарат жинаумен шектелмей, туындауы мүмкін қауіптің алдын алу және тұрғындардың өтінішіне дер кезінде ден қою.
Қарағанды облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық жобалар кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның бірі – Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдері.
Екі қалада «Аргус Пешеход» кешендері орнатылған 22 өткел жұмыс істейді. Жасанды зерде тетіктері бар жүйе көлік пен жаяу жүргіншінің қозғалысын талдап, қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Осы кешендер іске қосылғаннан кейін аталған өткелдерде жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы біршама сиреген.
Көлік қозғалысын реттеуде бағдаршамдарды орталықтандырылған басқару жүйесі де қолданылуда. Өңірде 206 бағдаршам нысаны бірыңғай орталыққа қосылған. Ал, он қиылыста көлік ағынының тығыздығын есептеп, сигналдардың ауысу уақытын автоматты өзгертетін бейімделмелі бағдаршамдар жұмыс істейді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау мен жедел әрекет ету қызметінің байланысы да маңызды. Қарағанды қаласындағы Жедел басқару орталығында 102 нөміріне түскен хабарламалар тіркеліп, бейнебақылау инспекторлары тиісті аумақты тексереді. Ал, GPS жүйесі арқылы оқиға орнына жақын патрульдік экипаж анықталып, қажетті бағытқа жіберіледі. Осылайша, ақпарат қабылдау, оны тексеру және құқық қорғау қызметкерлерін үйлестіру бір жүйеге біріктірілген.
Осындай тәсіл Теміртауда да қолданылып отыр. Қыркүйек айында қала прокуратурасында ашылған Қадағалау орталығына көшелерде, саябақтарда, мектептер мен емдеу мекемелерінде орнатылған 1575 камера қосылған. Орталық заң бұзушылықтарды жедел анықтаумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізілген қадағалау шаралары нәтижесінде заңсыз ұсталған сегіз адам босатылған.
Дегенмен, бақылау жүйелерінің көбеюі жолдағы барлық қатердің жойылғанын білдірмейді. Облыстың Полиция департаментінің дерегіне үңілсек, жыл басынан бері өңірде 536 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 662 адам жарақат алған. Балалардың қатысуымен 71 жол апаты болып, 89 кәмелетке толмаған жасөспірім зардап шеккен.
Бұл көрсеткіштер жол қауіпсіздігі мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Әсіресе, білім беру мекемелері маңындағы өткелдердің жағдайы, көліктің жылдамдығы, жол белгілері мен жарықтандыру сапасы тұрақты бақылауды қажет етеді. Полиция қызметкерлері әкімдіктермен және жол ұйымдарымен бірлесіп, қауіпті учаскелерді тексеріп, қозғалыс ережелерінің сақталуын қадағалауда.
Осы орайда цифрлық бақылау тәртіп бұзған жүргізушіні анықтаумен ғана шектелмеуге тиіс. Жолдың қауіпті бөлігін алдын ала айқындау, көлік қозғалысын дұрыс ұйымдастыру және жаяу жүргіншіге қолайлы жағдай жасау да маңызды. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жол инфрақұрылымы мен жүргізушілердің жауапкершілігі қатар қарастырылуы қажет.
Қала қауіпсіздігінің тағы бір өлшемі – көшелердің жарықтандырылуы мен қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығы. Бұл бағытта облыс қалаларында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, Шахтинскіде көше жарығын жақсарту аясында 336 жаңа жарықтандыру бағанын орнату жоспарланған. Жұмыс Ленинград, Мичурин көшелері мен Октябрьский даңғылын және өзге де аумақтарды қамтиды. Сонымен қатар, қаланың жекелеген бөліктерінде жол жабыны қалпына келтіріліп, кіреберістер мен автотұрақтар ретке келтірілуде.
Мұндай жұмыстарды тек абаттандыру шарасы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Жарық көше жаяу жүргіншінің қозғалысын қауіпсіз етуге, ал, дұрыс ұйымдастырылған жол қозғалысы апат қаупін төмендетуге ықпал етеді. Бұған қыс мезгілінде жолдарды уақытылы тазалау, аялдамалар мен жаяу жүргінші жолдарын күтіп-ұстау міндеттері де қосылады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



