Экологиялық қауіпсіздік – назарда
Экологиялық қауіпсіздік Қазақстанның даму стратегиясындағы басым бағыттардың біріне айналып отыр. Осы мақсатта қалалар мен өнеркәсіп орталықтарындағы атмосфералық ауаның, су көздерінің жай-күйі, өндіріс пен тұтыну қалдықтары, сондай-ақ, Қазақстанда табиғатты пайдалануды мемлекеттік реттеу мен қоршаған ортаны қорғау туралы ақпарат зерделеніп келеді.
Өткен аптада жоғарыда аталған мәселе бойынша, экология департаментінің басшысы Қ.Мұсапарбеков жиналыс өткізді. Жиын барысында, аймақтың экологиялық аһуалының жақсаруына облыс кәсіпорындарының табиғат қорғау іс-шараларын орындауы маңызды роль атқаратындығын атап көрсетті. Сонымен қатар, ҚР ЭМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің нұсқауы бойынша бұл мәселе экология департаментінің тұрақты қадағалауына алынғандығын сөз етті. Оның ішінде атмосфералық ауаның ластануы, экологиялық апат аймақтары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, өнеркәсіп және тұтыну қалдықтары, су ресурстары, жасылдандыру сынды мәселелерді қозғады. Мамандардың айтуынша, департамент 2017 жылы атмосфералық ауаны ластаушы заттар эмиссиясы нормативтерінің жобалары бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың бұдан бұрынғы қорытындыларымен салыстырғанда біршама өзгерістер бар. 2017 жылы Қарағанды облысы бойынша атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттар эмиссиясы нормативтерін 15049,8 тоннаға төмендетуге қол жеткізілген. Алдағы уақыттарда да, облыстың ірі кәсіпорындарымен бірқатар кездесулер өткізіп, табиғи ортаны басқару сапасын жақсарту, орнықты даму тетіктерін іске асыру және жетілдіру жөніндегі жұмыстары жүргізілетіндігі айтылды. Экология департаментінің басшысы Қ.Мұсапарбеков қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі тұжырымдар жасалып, ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
Нұрдос КӘРІМ