Экологиялық ахуал — басты назарда

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ирина Любарская облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Сондай-ақ, ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшылығына Рустам Байжанов тағайындалды. Бұл туралы кезекті аппарат мәжілісінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Сонымен қатар, Түркістан облысы Арыс қаласында 5-шілдеде орын алған қайғылы оқиға зардаптарын жоюға атсалысқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Арыс қаласына гуманитарлық көмектен бөлек, облыс тарапынан құрылыс жұмыстары да жүргізілген болатын. Барлық жұмыс мерзімінен бұрын аяқталды. Осы орайда аса жауапкершілік пен еңбексүйгіштік танытқан азаматтарға мемлекеттік награда мен Президенттің Алғыс хаты тапсырылды.

Сонымен, Арыс қаласын қалпына келтіруде ат салысқаны үшін Президенттің Алғыс хатымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев, «Ерен еңбегі үшін» медалімен облыстың құрылыс және сәулет басқармасы басшысы Тайхан Қалмаханов, ҚР Президенті Алғыс хатымен «Горкомхоз» кәсіпорнының директоры Мейрам Ысқақов, ҚР Құрмет грамотасымен «Строй и К» кәсіпорнының жұмысшысы Сенімбай Тұяқов марапатталды.

Ал, күн тәртібіне шығарылған мәселе – Қарағанды облысының экологиялық ахуалын жақсартуға арналған шаралар жоспарының орындалысы болды. Бұл туралы облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Руслан Төлепбаев баяндады.

 Басқарма басшысының айтуынша, 2018 жылдың қазанында Қарағанды облысының экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде кешенді жоспар қабылданған. Бұл шаралар 6 бөлікке бөлініп, оны орындауға және қаржыландыруға жауапты құзырлы орындар белгіленген.

Жедел шаралар қабылдауды қажет ететін басымдық берілген мәселелердің қатарында ірі өнеркәсіптердің ауаны ластауын төмендету, тазалау құрылғыларының және қатты қалдықтар полигондарының қанағаттанарлықсыз жағдайы бар.

 – Жалпы, жоспар бойынша 57 шараны жүзеге асыру көзделген. Оның бүгінгі таңда 22-сі іске асты. Ал, 35-і орындалу үстінде. Яғни, оларды іске асыру мерзімі 2020-2022 жылдарды қамтиды, – дейді басқарма басшысы.

Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы тарапынан 6 шара орындалуы қажет болса, оның бүгінгі таңда үшеуі іске асырылған. Атап айтқанда, электр сүзгілерін орната отырып, № 5-7 агломашиналардың жентектеу аймағының газ бөлу жолын қайта құру мәреге жеткен. 11 тозаң ұстағыш қондырғыларға жөндеу жүргізу, үйінді қождың қалыптасуын түсіру кезінде шаңды азайту бойынша жұмыстар атқарылған. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ санитарлық-қорғау аймағын және санитарлық-қорғау аумағын көгалдандыру жөнінде де жұмыстарды іске асырыпты.

«ТЭМК» АҚ-ның еншісіндегі 4 шараның 3-і орындалыпты. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің 4 шарасы да орындалу үстінде. Сонымен бірге, «Қазақмыс» корпо рациясы» мойнына алған 4 шараның екеуін жүзеге асырып үлгеріпті.

Оған қоса, бүгінгі таңда Ақшатау кентінің экологиялық жағдайына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары тәмамдалған. Соқыр өзенінің сағасын тазалау жөніндегі жұмыстар да аяқталған. Сонымен бірге, Теміртау қаласының батыс бөлігіндегі өндірістік ағын суларды бейтараптандыру мен тазалау торабының құрылысы биыл бастау алған екен.

 Бұдан бөлек, кешенді жоспардан тыс, облыстық бюджет қаражаты есебінен Теміртау қаласының әуе бассейнінің ластануын экологиялық-геохимиялық карталау бойынша жоба іске асырылды. Биыл атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау үшін Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазғанда 10 газ талдағыштар орнатылды.

Ауаға шығарылатын зиянды заттарды азайту жөніндегі негізгі іс – шаралардың бірі «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу болып табылады, ағымдағы жылдың соңына дейін облыстың үш қаласы – Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалаларында алғашқы 300 үйге газ беру жоспарлануда.

 – 2019 жылы үш күн электр стансасы жұмысын бастады. Мұның сыртында биогаздық және шағын гидроэлектрстансалары да жұмыс істейді, – дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшының мәліметінше, кешенді жоспардағы шаралар толық іске асқан уақытта ауаға шығарылатын қалдықтар 50 мың тоннаға кемитін болады.

Қызғалдақ АЙТЖАН