Руханият

Екі мурал – егіз әлем

Абай ауданы әкімдігінің тапсырысымен аудан орталығы Абай шаһарын абаттандыру жобасына орай қала кіреберісіндегі он қабатты екі үйге мурал салынды. Қос өнер туындысының авторлары – Арқа өңіріндегі белгілі сурет өнерінің шеберлері Ерсін Темірғалиев пен Жаңабек Жұмабеков.

Суреттерді түсірген Е.ТЕМІРҒАЛИЕВ

Аталған екі композицияның бірі «Дала үні» деп аталады. Бұл муралдың негізгі суреті М.Қалқабаев пен В.Троценконың авторлық мүсіні екенін айта кеткен жөн. Үй қабырғасына салынған сурет түпнұсқадан айнымайды.

– 2003 жылы Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы театрдың алдыңғы алаңындағы қазақтың ұлттық аспабы қобызды 2016 жылы кенепке түсірген едім. Енді, міне, сол картинамдағы қобызды пайдалана отырып, жаңа композиция жасап шықтық. Нақтырақ айтсам, ол жерде тұтас көріністі қазақы салт-дәстүрге ие отырып, торсық, киіз үй, ою-өрнекті және сақ дәуіріндегі петроглифтерді үйлестіріп, тың дүние шығардық. Бұл композицияда қоңыр, қызғылт, сары, көгілдір, күлгін, ашық сарғыш қызыл түстерден контрастық, көрер көзге жағымды дүниені ұсынуды мақсат тұттық, – дейді Ерсін Манарбекұлы.

Ал, екінші үйдің қабырғасына салынған мурал суретші-иллюстратор Анна Шершеннің «Келін» шығармасының негізінде туыпты. Суретші муралды салуға өз келісімін де берген. Сонымен қатар, бұл суретті бірінші муралмен үйлестіру үшін бір-біріне ұқсатып, аспанға қарлығаш құстарын қосып, сәл өзгертуге тура келгенін айтады суретшілер. Өйткені, екі композиция бір жақты көріну үшін осындай әдіс қолданылыпты.

Бұл екі жобаны дайындауға шамамен бір жарым ай уақыт кеткен. Себебі, өнер туындысын ойдағыдай қанық әрі жанды қылып шығару үшін ауа райының да әсері бар. Мәселен, жаңбыр жауып кетеді және тағы басқа жағдайлар. Сондықтан, жұмыстың осынша уақытқа созылғанын айтады шеберлер.

– Екі муралды көріп, көзіміз тойды. Мұндай өнер туындылары күнделікті күйбеңнен бір сәт арылып, жан-жағыңа көкірек көзімен қарауға жетелейді екен.

Екі туынды да өте шебер салынған. Бояулары қанық, автордың идеясы анық. Не айтқысы келгенін суретке қарап тұрып аңғаруға болады.

Әсіресе, қобызды негізге алып салынған мурал өте тартымды. Адамға ой салады. Оған қарап тұрып, қазақы болмысты аңғарасыз, – дейді қала тұрғыны Манарбек Әбдіреев.

Өз тілшімізден
Абай ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button