Қарқаралыда орман шаруашылығы қызметкерлері құрметтелді
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қарқаралының Мәдениет үйінде «Қасиетті құт мекенім» атты атаулы іс-шара мен концерт ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарлама барысында аудан әкімі Саят Қабиденұлы Мусин орман шаруашылығы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, табиғи байлықтарды қорғау мен орман қорын сақтауға қосқан үлестері үшін бірқатар сала мамандарына марапаттар табыстады.

Сондай-ақ, салтанатты шарада кәсіби мереке иелерін облыстың Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Маратұлы Балтабаев, облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Қайыргелдіұлы Шапағатов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сайлау Әлиұлы, аудандық мәслихат аппаратынан Саян Саматұлы және Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Руслан Мәлікұлы Төлепбаев құттықтап, сала қызметкерлеріне марапаттар табыстады.

Табиғат байлығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша орман шаруашылығы қызметкерлеріне өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шараның қорытынды бөлімінде көрермен назарына 2023 жылы Семей орманында болған алапат өрт оқиғасына негізделген «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі ұсынылды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz



