Руханият

Екі кезең – бір тағдыр

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 34 жыл толуына орай облыстық бейнелеу өнері музейінде ерлік сабағы өтті. Музей қызметкерлері Ауған соғысы ардагерлерінің «Қызыл із» атты заманауи портрет, фотокөрмесін ұсынды. Әр фотосуретте екі кезең – өтіп кеткен 1980 жылдар, ал олардың аясында қазіргі уақыт.

Іс-шараға қонақ ретінде ардагерлер Қайрат Тынымбаев, Айтпай Жұматаев, Сергей Сахнов шақырылды. Батырлар кешке қатысқан колледж студенттеріне Ауғанстанда басынан кешкендерін, дұшпандардан стратегиялық мақсаттағы объектілерді қалай азат еткені туралы айтып берді. Олар балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, шет тілдерін үйренуге және Отанымыз Қазақстанды қорғауға шақырды. Батырлар өз өмірі туралы да айтты. Айтпай Мұхтарұлы Ауғанстанда 1981 жылдан 1983 жылға дейін Газни провинциясында қызмет етіп, «Ерлік үшін» медалімен марапатталған. Қайрат Тынымбаев азаматтық борышын мінсіз атқарып, 1986 жылдың ақпанынан 1987 жылдың қарашасына дейін Ауғанстанда қызмет еткен. Кабул-Баграм жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысыпты. 1981 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылған Сергей Александровичтің кеудесінде көптеген орден, медаль бар. Ол да көрсеткен ерліктеріне сай берілген.

Балалар қонақтарға сұрақ қойып, жауап алды. Тұшымды әңгіме өрбіді.

Қонақтар фотокөрме материалдарына сүйеніп, интернационалист-жауынгерлер туралы әңгімеледі. «Қызыл із» атауының да өзіндік философиялық мәні бар. Бұл автордың жеке шығармашылық үлесі және оның еркін көзқарасы, өзінің көркемдік ізін қалдыруға деген ұмтылысы, өткен мен болашақ арасындағы шекараны көрсетеді. Екі кезең – бір тағдыр.

– Экспозицияда сарбаз В.Грязновтың қаза болғаны туралы құжаттардың көшірмелері, сол кездегі сарбаздың тұрмыстық заттары, фотоматериалдар және мүсінші А.Билык жасаған қаза болған жауынгер-интернационалист Ю.Фроловтың мүсіні бар. Бұл кездесу оқушылардың есінде көпке дейін қалатыны сөзсіз, – дейді облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Қайрат Біләлов.

Облыста қаза болған сарбаздардың аналарына көмек көрсететін және қала мен облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысатын интернационалист-жауынгерлердің қоғамдық бірлестігі бар. Жыл сайын Ауған соғысы ардагерлері 1990 жылы «Жеңіс» саябағында орнатылған қаза болған ауғандық жауынгерлерге арналған мемориалға гүл қояды. Бұл – ерлікке тағзым!

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button