Жаңалықтар

ЕКІ КЕЗ БӨЗ

          Жалғанның жарығында жинағаның, бақилықта бұйырмайды. Бірге баратыны — екі кез бөз! Бұны бәрі біледі. Ендеше қоғамда  парақорлық пен жемқорлық неге жойылмайды?

Жалған сөйлемейін, парақорлық қоғамда қашаннан бар: қылышынан қан тамған “қызыл коммунист” кезінде де кездесетін. Көріп жүрдік. Бірақ, батып айта алмадық. Тіпті “пара” деген сөздік қорда сирек кездесетін. “Алған-берген” — айып емес еді.

Тәуелсіздік тізгіні тигесін, үзеңгі шіреп тұрып тепсіндік: “Жемқордың желкесін үзем!” деп. Қайдағы?!? “Азуын айға білеген айылын да жиған жоқ: “шелек жалағанды” шетінен жазалап, “шер” тарқаттық. Кейінгі кезде ғой, “майшабаққа” “шортан-шорағай” араласа бастады.

Жасыратын несі бар: парақорлық пен жемқорлық қоғамның ашық түрде асқынған “құртауруына” айналды. Ал, “асқынған ауруды” жасыру жөнінде қайран қазекем қандай қанатты қағида қалдырғаны белгілі. Соған қарамай, бір билікке қолың жетсе, бірдеңе алғың келіп тұрады.

Қоғамды жегідей жеген жемқорлық — қазақи ұғымға жақындатып, түсінікті тілмен әдіптелген “коррупция”. Ал, ол обыр ешкімді оңдырмайды.

Белгіленген бағдарламаны, жаңғыртуды жүзеге асыруға кедергі келтіріп, “жығылғанға — жұдырық” болып отырған да — осы сыбайлас жемқорлық. Оны тудыратын экономикалық заңдылыққа сүйенбей жасалған сауатсыз саясат. Одан әрі қаржы, салық, тағы сондай сан-сапалақ саясат “балалай” береді.

Менің түсінігімде, кез келген саланы кәсіпқой маман басқаруға тиіс. Ең сорақысы сол — нарықтық қатынастың қыр-сырын қақпайтын, ал ой-өрісі мен өресі отбасы мен ауыл-аймақтан аспайтын кейбіреудің “наны көтерілсе”, құдайдың ұрғаны.

Сондай “сормаңдай” төңірегіне өзіндей топасты топтастырады, жағымпазды жинайды. Парақорлықтың өсіп-өнетін ортасы осы. Ол сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Жемқорлық жетегінде кеткен обал-сауапты жиып қойып, қоғам игілігін талан-таражға салады. Қашан қолға түскенше беті бүлк етпей, “жемқорлықпен күрестің” белортасында жүреді. Оның табиғаты солай.

Өзекті өртеген ойдың бірпарасын ортаға салдық.

Қарап отырсаң, қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күреспейтін тірі жанды таппайсың.

Бірақ, қортындысы — қораш! Сөз бен іс сәйкеспейді. “Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды” дегеннің кері.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button