eGov қосымшасы арқылы кедергі келтірген көлік иелеріне анонимді хабарлама жіберуге болады
Елімізде көлік құралдарының иелеріне хабарлама жіберу үшін жаңа цифрлық қызмет іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады. Оны енгізу жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етеді. Бұл қызмет eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Жоба ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

– Егер сіз терезесі ашық қалған немесе өтуге кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді теріп, қажетті тетікті таңдасаңыз жеткілікті. Көлік иесіне анонимді хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмектесудің әрі азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп сенеміз, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА