Жаңалықтар

Еңселі ерліктің өлшемі

Биыл Ұлы Жеңіс туының желбірегеніне – 73 жыл. Сұрапыл соғыстың соңғы нүктесі 9 мамыр күні қойылды. Дүрбелең дәуірдің дүмпуі тарих сахнасында екінші дүние жүзілік соғыс деген атпен қалды. Буыны бекімеген бозбала бораған оқ пен жалынды оттың арасында жүріп Отанын қорғады. Осынау қастерлі мерекені сарандықтар салтанатты түрде атап өтті.
Шара мерекелік шерумен басталды. Ардагерлер мінген көлік алға жылжып биік стелласы мен мұндалаған тағзым алаңына бет алды. Қолдарында қан майданда қаза тапқан батырлар бейнесі. Елін қорғауда жанкештілік танытып ақтық демі шыққанша шайқасқан ерлердің портретін ұрпақтары алаңға алып шықты. Жиналған жұртшылық шайқаста шейіт болған боздақтардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Алғашқы болып сөз алған Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов:
– Жеңіс мейрамы қасиетті де қастерлі мереке. Бұл жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің өтемі. Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнауына» орасан үлесі бар ардагерлерді құрмет тұту бүгінгі буынның басты парызы, – деді.
Беларусь майданында белуардан қан кешкен жерлесіміз, соғыс ардагері Павел Блажко құттықтауын жеткізіп, бүгінгі бейбітшілік бесігінде тербелген еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын деген тілегін білдірді.
– Фашистер бізге соғыстың ащы дәмін татқызды. Ал, тылда қалған қарттар, аналар мен бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы – қасіретін арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ тынбай еңбек етті. Бірақ, ешкімнің сағы сынбады. Олардың бойындағы отаншылдық сезім, қолына қару алып сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі Жеңіс сағатын жақындата түсті. Менің бүгінгі елге тілейтінім біз көрген соғыс енді ешқашан тұтанбасын. Ел бірлігін сақтап, сұм соғыстың азапты күнін іргемізді алыс ұстаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді Павел Блажко.
Сондай-ақ, Саран қалалық мәслихатының хатшысы Өміржан Баймағанбетов, № 44803 әскери бөлімнің бөлімше бастығы Дастан Аскеев ақжарма тілегін жеткізді.
Шеру барысында әскери бөлімдерінің сарбаздары сап түзеп, майдан тақырыбына арналған көріністер ұсынды. Ең бастысы Жеңіс сарбаздарына құрмет көрсетілді.
Содан кейін мерекелік шара Саран қалалық мәдениет үйінің алаңында жалғасып, «майдангер» деген мәртебелі ұғымның мағынасын ашып, бүгінгі бейбіт күннің буынына түсіндірілді. Ардагерлердің құрметіне бүлдіршіндер өнер көрсетіп, жиылған жұртты серпілтіп тастады. Сонымен қоса, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері және жергілікті өнер ұжымдары ән салып, би биледі. Кешегі қиян-кескі ұрысты басынан өткерген қарт майдангер мен бүгінгі буынның арасында болған диалогты театрландырылған қойылым арқылы көрсетті.
Мұнан соң ардагерлер арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты. Майдан кезінде мәзірде болған тағам түрлері әзірленіп, құтыларға құйылып берілді. Көзге таныс солдат ботқасының дәмін татқан қарт майдангерлер өткен күннің естеліктерін еске түсіргендей болды. Осы күнге жете алмаған есіл ерлерді еске алды.
Сондай-ақ, осы күні Ақтас ауылында Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара жалғасын тапты. Бүгінгі бейбіт заман ұрпақтарың кешегі қиын-қыстауда елін, жерін, ұрпағының амандығын ойлап, ұрысқа қатысқан абзал азаматтарды қадір тұтып, естен шығармау керектігін алға тартты. Ақтас ауылына жиналған көпшіліктің де ойы осы арнада тоғысты.

САРАН қаласы.
Нұрдос Кәрім

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button