Жаңалықтар

Еңбеккер құқығы – жаңа келісімде

    «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылары кәсіпорын департаменттері кәсіподақтарының жетекшілерімен жаңа ұжымдық келісімшартқа қол қойды. Бұл құжат компанияның Қарағанды облысы аумағында атқарған жұмысы тарихындағы алғашқы ұжымдық келісім-шарт болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Ерлан Қошановқа ұжымдық келісім-шартты орнату мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Сол тапсырмаға сай, облыс әкімдігі компания басшылығы мен кәсіподақтар өкілдерінің келіссөз алаңына айналды. Соның арқасында құжатқа қол қою мүмкін болды.

Бұған дейінгі келісім-шарттың мерзімі жазда аяқталған болатын. Кейін ол жыл соңына дейін созылды. Жаңа келісім-шарттың жобасы қыркүйек айында ұсынылды. Дегенмен, онда өндіріс орнында қаза болған жұмыскерлердің отбасыларына төленетін өтемақыға қатысты пункт болмағаны, сондай-ақ, қосымша демалыс күндерінің төлемі, жеңілдіктер, санаторийде емделу және басқа да мәселелер айтылмағаны кәсіподақ өкілдерінің наразылығын тудырған болатын.

Кеше қол қойылған құжаттың нұсқасы екі жақты да қанағаттандырды.

Бірегей келісім-шарт біздің компания көмір және болат департаменттері арасында еш айырмашылық жасамайтынын көрсетеді, – деп атап өтті «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлер бойынша директоры Анна Адом. – Сонымен қатар, ол құжат компания өз қызметкерлері үшін қомақты қаражат құюға дайын екенін көрсетеді. Ендігі кезекте біздің әрі қарайғы мақсатымыз – біздің жеңілдіктеріміз өзекті және шынымен де компанияға өз қызметкерлеріне қолдау көрсетуге көмектесуі үшін осы келісім-шартты дамыту болып табылады.

Айта кететін жайт, жаңа ұжымдық келісім-шартқа сай, бұдан былай шахта қызметкерлері арасында аналарды қолдау және 13-ші жалақы секілді жеңілдіктер таратылады. Осыған дейін ол тек болат департаментінде жұмыс істейтін мамандарға ғана көрсетілетін. Демалыс орындары да енді мамандығына қарамастан компанияның барлық қызметкерлеріне қолжетімді болады. Зейнеткерлерге көмек көрсету пункті де өзгеріссіз қалды. Оларға жеңілдіктер толығымен кәсіподақтармен бақыланып, таратылатын болады: компания кәсіподақтарға кәсіподақ мүшелерінің жалақысы қорының 0,4% көлемінде бірегей қорды аударады да, олар өз кезегінде зейнеткерлердің қандай қажеттіліктеріне ол қаражатты жұмсау керектігін шешеді.

Жаңа ұжымдық келісім-шарт 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді. Ол құжат 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет етеді.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button