Еңбек жасағының еріктілері ардагерлерге көмек көрсетті
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Бұқар жырау ауданының Жастар ресурстық орталығының еріктілері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында қарттарға көмек көрсетті.

— Қазір көктем мезгілі, көпшілік ардагерлеріміздің үй іргесіндегі бау-бақшалары бар. Бірақ жастарының ұлғаюына және денсаулықтарының әлсіреуіне байланысты олар бақша жұмыстары мен үй шаруасын өз бетімен атқара алмайды. Осындай кезде белсенді еріктілеріміз үнемі көмек көрсетуге дайын. Біз ардагерлердің ауласын жинауға, қажет болған жағдайда үй ішін де тазалауға көмектесеміз, — дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Мейірлан Қали.
Бұл жолы еріктілер Ботақара кентіндегі тыл ардагері Коваленко Раиса Петровнаға барып, сондай-ақ Леоненко отбасына да көмек көрсетті.
Еріктілер ардагерлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, жемістер мен тәттілер салынған себет табыс етті. Содан соң, олар аула жұмыстарына белсене кірісті. Жігіттер күрек пен кетпен алып, бақшаны қопсытса, қыздар терезелерді сыртынан жуды.
Еріктілер Леоненко отбасында да жемісті жұмыс атқарды. Анатолий Викторович пен Раиса Ивановна — екеуі де тыл еңбеккерлері. Екеуінің де жастары 90-ға таяған. Олар жыл сайын көкөністер мен жидектер отырғызу үшін бау-бақшаларын дайындайды. Бірақ қазір жер қопсыту сынды ауыр жұмыстарды өздері атқара алмайды. Сондықтан еріктілердің келуіне өте қуанышты болды.
Жастар жапырақтар мен қураған шөптерді жинап, палисадник жерін қопсытып, аулаға тәртіп орнатты.
— Бізді ұмытпай, көмек көрсетіп жүргендеріңізге рақмет. Жастардың осындай белсенділігі көңілге қуаныш ұялатады. Сіздердің көмектеріңізсіз бұл шаруаларды атқара алмас едік. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын, — деді Раиса Ивановна.
Айта кетейік, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Бұқар жырау ауданында тұрақты негізде өткізіледі.
Акция аясында белсенділер жалғыз тұратын зейнеткерлерді, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін аралап, көмек көрсетеді.