АймақҚарағанды

Еңбек тұжырымдамасы тұғырынан таймайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына беруді көздейтін Заңға қол қойды. Платформалық жұмыспен қамтуды регламенттейтін және аталған салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғауды қамтамасыз ететін заңнамаға түзетулер қабылданды.

Сурет ашық дереккөзден

Осыған байланысты, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері ашылады, өңірлердегі инспекторлар саны артады. Бұл еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуге, қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға, еліміздің кәсіпорындарындағы қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, еңбек дауы мен жанжалының туындау қау­пін азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды ақпар. Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы әлеуметтік төлем енгізілген болатын. Осылайша әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын 1 млн-нан астам жұмыс істейтін азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 5 әлеуметтік тәуекел бойынша 453 млрд. теңге көлемінде төлемдер алған. Рес­публикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ортақ зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 42 түрі төленеді. 1 шілдедегі жағдай бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған 67 мың отбасының 355 мыңнан астам адамына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша 36 мыңнан астам жұмыссыз азамат онлайн білім алса, оның 33 мыңға жуығы оқуын аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 38 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 24 мыңнан астамы оқуын аяқтап, сертификаттар алды. 110 мыңнан астам қазақстандық қызмет саласын таңдау бойынша әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Сонымен қатар, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 4 мыңнан астам грант берілді. Бұл орайда салалық министрлік 2029 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, өңірлер мен салалардағы сапалы жұмыс орындарын бақылау жүйесі әзірлену үстінде. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 28,7 мыңнан астам қызметкердің құқығын қорғады. Атап айтқанда, 9,5 мың қызметкерге 2 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек төленді. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 19 мыңнан астам қызметкердің еңбек құқығы қорғалды.

2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы белсенді түрде іске асырылуда. Кәсіпорындардың цифр­лық картасы жасалды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта барлық бизнес-процестер: жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныс құралдарын және басқа кепілдіктер ұсыну, барлық деңгейде еңбекті қорғау бойынша білімін тексеру автоматтандырылады. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру аясында жұмыс күші артық өңірлерден 4,8 мыңнан астам адам еңбек тапшылығы бар өңірлерге өз еркімен қоныс аударды. Қоныс аударушылардың барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button