Еңбек нарығында тың жоба
Жұмыссыздықты жоюға бағытталған тың жобаның тағы бірі еңбек нарығына шықты. Атап айтқанда, облыста 25 маусымнан «JUMYS TAP» пилоттық жобасы іске қосылды.
JUMYS TAP – бұл жоба ресми тіркелген жұмыссыздарды, тіркелмеген жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды, студенттерді, зейнеткерлікке дейінгі жастағы адамдарды, қосымша мамандық алғысы келетін немесе жұмыс орнын ауыстырғысы келетін азаматтарды жұмысқа орналастыруға және оқытуға бағытталған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова жобаны жүзеге асыруда кеңес беру пункттері ірі сауда орталықтары мен базарларда, адамдар көп жиналатын орындарда ұйымдастырылатынын айтады. Ол орталықтар Қарағандыда «Таир» сауда орталығында (Ғарышкерлер көшесі 1В), Майқұдықта «Ұмай» сауда орталығында (Карл Маркс көшесі, 9), Пришахтинскіде «Ежик» дүкенінде (Кемеровская көшесі, 57) және Теміртау базарында (6-шы шағынауданы 24/2 мекенжайы бойынша) орналасқан.
– Бұл Қарағанды және Теміртау қалаларында облыс халқының 80%-ы шоғырланғандығымен байланысты, – дейді Әсем Жүніспекова.
Екінші құрал – ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өтінімдері бойынша жеделдетілген курстарды тегін оқыту.
Мұнда оқыту колледждер базасында және комьюнити орталықтарда жүргізіледі.
– Егер бүгінгі таңда Мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға ғана әлеуметтік қолдау көрсетсек, онда «JUMYS TAP» жобасы аясында азаматтардың жұмыспен қамту мәртебесіне, жасына және тіркеудің болмауына қарамастан, оқытып, жұмысқа орналасуға жәрдемдесе аламыз.
«JUMYS TAP» жобасы бойынша комьюнити орталықтар мен кеңес беру пункттерінде өтініш білдірген азаматтарға жұмыс, жұмысқа орналасу, мамандық алу, қайта оқу үшін кеңестер берілетін болады, – дейді басқарма басшысы.
Ақпараттық қолдау үшін бос жұмыс орындары мен оқытылатын мамандықтар тізімі бар Telegram-арна іске қосылған.
Call-орталығы 60-50-50 телефон нөмірі бойынша жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Call-орталық арқылы кеңестер беріледі. Онда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді курстарда оқыту, мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы мағлұмат алуға болады.
Жалпы, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Мұнда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тізілімінде тіркелген ересектерге арналған қысқа мерзімді курстарды өткізуге барлық рұқсат құжаттары бар колледждер тартылады.
Оқыту 1 тамызда осы жобаға қатысатын колледждер базасында басталады.
Қысқа мерзімді курстар 48 мамандық бойынша өткізіледі. Олардың қатарында, тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электр-газбен дәнекерлеуші, автомобиль фараларын реттеуші, құлау мен жақындауды реттеуші, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау, СММ, сайттарды әзірлеуші, бейнемонтаж, Графикалық дизайн, мобилография, маркетплейстер, таргетолог, ыдыс жуушы, сылақшы-суретші, көгалдандырушы, көгал шабушы, аумақтарды жинаушы, арнайы үй-жайларды жинаушы және т. б. бар.
Мамандықтар тізіміне медициналық сияқты адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, техникалық секілді лицензиялауға немесе рұқсат алуға жататын мамандықтар кірмейді.
Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы Еңбек нарығының стандарттары мен талаптары бойынша бизнеспен бірлесіп әзірленген.
Теориялық және практикалық сабақтар қарастырылған, оның ішінде практикалық сабақтардың уақыты теориялық уақыттан көп болуы керек.
Дағдыларды қысқа мерзімде 5-тен 30 күнге дейін игеру қарастырылған.
Оқыту тегін жүргізіледі, нәтижесі бойынша арнайы үлгідегі сертификат беріледі.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz