Ресми

Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді

Осы жылдың 1 шілдесінен Еңбек кодексінің бірқатар баптарына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Саяш Ахметов əлеуметтік желіде өткен тікелей эфирде мəлімдеді.

Еңбек кодексі
Коллажды жасаған Айбек РАХЫМЖАН

Бір орынға бірнеше қызметкер

Еңбек кодексінің бұрынғы нұсқасында бірнеше қызметкер бір жұмыс берушімен келісе отырып, бір жұмыс функциясын ғана орындайтын еді. Яғни, бір адам бір іске ғана жауапты. Өзгенің шаруасына араласпайды. Енді жаңартылған кодексте екі немесе одан да көп қызметкерге бір міндетті атқаруға мүмкіндік берілген. Маманның сөзінше, бұл Еуропа елдерінің тəжірибесінен алынған жəне елімізде бұрын-соңды болмаған.

Бұл мүмкіндік медициналық қорытындыға сəйкес отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтындарға, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға, 14 жасқа дейінгі бала тəрбиелеуші жалғызбасты аналарға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тəрбиелеп отырғандарға, студенттерге беріледі. Бірақ, оқу оқып жүргендердің денсаулығына зиян келтірмейтін жəне оқу процесін бұзбайтын жұмыс болуы шарт. Тізімде зейнеткерлер де бар.

Спикердің пікірінше, бұл азаматтардың əлеуетін арттырады. Яғни, жоғарыда келтірілген себептерге байланысты жұмысқа орналаса алмай жүргендер еңбекке араласып, нəпақа табады. Мысалы, науқасқа күтім жасаушы адам таңертең келіп, өзіне берілген тапсырмаларды түске дейін орындап, түстен кейін үйіндегі науқасқа көңіл бөледі. Ал, қалған уақытта оның міндетін əріптесі атқарады.

Тараптардың келісімімен бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасында кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге болады. Жексенбі – бəріне ортақ демалыс.

Бұдан былай бір қызметкерді қатарынан екі ауысымға қоюға рұқсат жоқ. Бірақ, рұқсат етілетін жағдайлар да бар. Егер жұмыс орнында төтенше жағдай орын алса, жеке адамның қауіпсіздігіне байланысты шұғыл тапсырма түссе, жұмысшы шақыртылады.

Ауысым кестесімен танысу мерзімі қызметкерді жұмысқа қабылдаған немесе ауысымдық жұмыс кезінде қызметкерді басқа жұмысқа ауыстырған жағдайда қысқаруы мүмкін.

Кодекс жылжымалы жұмыс кестесін реттейтін жаңа 73-1-баппен толықтырылды. Онда «Жұмыстың ерекшелігін, қиындығын ескере отырып, жұмыс беруші еңбек тəртібі қағидаларында жұмыскерлерге жылжымалы жұмыс кестесін, уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, күнделікті ұзақтықтың 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің əртүрлі ұзақтығымен аптаның əртүрлі күндеріндегі жұмысты белгілеуге құқылы» делінген.

Жылжымалы жұмыс кестесінде қызметкерлердің жұмыс уақытының орташа нормасы сақталуы тиіс. Бірақ, бір тоқсандықтан аспауы шарт.

Жылжымалы жұмыс кестесімен жұмыс істеген кезде жұмыс күнінің немесе ауысымның жалпы ұзақтығы еңбек тəртібінің қағидаларымен, еңбек шартымен немесе ауысым кестесімен айқындалады.

Жұмыс уақыты мен үстеме жұмыстардың жиынтық есебі

Жұмыс уақытын жиынтық есепке алуға қатысты кодекстегі 75-баптың жаңа 9-тармағы толықтырылды. «Еңбек шарты есептік кезең аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде жұмыс беруші есепті кезеңнің басынан бастап, еңбек шарты тоқтатылған күнге дейін жұмыс істеген уақыт үшін сол шарттарда үстеме сағаттарды төлеуге құқылы».

Сондай-ақ, жұмыскердің келісім інсіз шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін əрекеттер тізімі кеңейтілді. Мысалы, елді қорғау, төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу, өндірістік апатты болғызбау, олардың алдын алу шараларына жұмысшылар кестеден тыс уақытта лауазымды адамдардың шешімі бойынша шақыртылады.

Бос тұрып қалған уақыт қалай төленеді?

Жұмысшының бос тұрып қалған уақытын рəсімдеу тəртібі жəне оған ақы төлеу жолы еңбек, ұжымдық шартта айқындалады (электр қуатының, судың болмауынан немесе басқа да келеңсіз жағдайларға байланысты жұмыс тоқтаса, ол – бос тұрып қалған уақыт деп есептеледі). Егер шартта көрсетілмесе, бос тұрып қалған уақыт жұмыс берушінің актісімен рəсімделеді. Бірақ, міндетті түрде себебі көрсетіледі. Жұмыс берушіге жəне қызметкерге қатысы жоқ себеппен бос тұрып қалу төлемі елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс. Егер жұмыс берушінің кінəсі болса, орташа жалақының кемінде 50 пайызы беріледі. Қызметкердің кінəсінен болса, төленбейді.

Бос тұрып қалған уақыт аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа шығатын күні туралы алдын ала хабардар етеді. Қызметкер одан кейін тапсырмаларды орындауға міндетті.

Қызметкер хабарламада белгіленген мерзімде жұмыс орнында болмаса, жұмыс беруші оны тəртіптік жауапкершілікке тартуға құқылы.

Саяш Ахметов енгізілген өзгерістер уақыт талабына сай жасалды деген пікірде.

– Бүгінгі күннің шындығына тік қарап, халықты əлеуметтік қорғау саласындағы кейбір мəселелерді талқыға салсаңыз, жасалған өзгерістер халықтың əлеуетіне оң ықпал ететініне сенім бар, – дейді еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button