Достық пейіл салтанаты

Сәтбаев қаласында ынтымақ пен бірліктің бірегей мерекесі – 1 мамыр мейрамы ерекше сипатта аталып өтілді. Бейресми түрде «Достықтың қаласы» атауын ертеден еншілеген шаһар тұрғындары алдын ала түзілген бағдарламалар аясында аса белсенділік танытып, достық пейілдің салтанат құруына дәнекерлік етті.
Мерекелік рәсімдердің бастау алуына арналып, жалпы бұқараның қатысуымен ұйымдастырылған басты жиын «Кеншілер даңқы» алаңында өтті. Осы орайда, салтанатты жиынды тамашалау үшін дүмеп келген елдің қатары өте қалың болғанын айта кетудің артықшылығы жоқ. Мерекенің ішкі мазмұнымен қабыса үйлесіп, көңілдерге шуақ ұялатқан осынау жайт Қаныш қаласы тұрғындарының ұлағатты ұстанымдарға кіршік түсірмейтінін даусыз айғақтап тұрды.
Салтанатты шара басталмас бұрын шаһар басшылары, қаланың Құрметті азаматтары, ақсақалдар алқасының мүшелері, қадірменді қариялар қауымы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері алаң аумағындағы этноаллеяны аралап, оның жаңғыртылған келбетімен танысты.
Ізгі ойларды тоғыстырған тағылымы тамаша шараның шымылдығы жергілікті бишілердің күшімен әзірленген қойылым арқылы ашылды. Өзінің жүрекжарды құттықтау лебізінде қала әкімі Асқар Ыдырысов Мемлекет басшысының «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз. Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады» деген сөзін тілге тиек ете отырып, бірлік мерекесінің мәні мен маңызына, Қазақстанда, оның ішінде, шаттық күйін кешкен шахтерлер шаһарында ыдырамас ынтымақ негізінде ырысты еселеу бағытында атқарылған толымды істерді атап өтті. Алдағы кезеңде жоспарланған ауқымды шараларға назар аударып, жұртшылыққа бейбіт ғұмыр, сарқылмас несібе, бақуатты тірлік тіледі.
Қаладағы қоғамдық бірлестіктердің атынан сөз алған «Любавушка» орыс этномәдени орталығының төрайымы Анжела Кондратова өзінің ыстық лебізінде жалпыұлттық келісім ұғымының жалпы қазақстандықтардың ортақ ұстанымы екендігіне, соның арқасында елде тұтастық пен тұрақтылықтың берік орныққанына көңіл бөлді.
Ілкімді іс-шарада әдемі әндер әуелеп, түрлі ұлттар мен ұлыстардың төл туындары қала аспанын әуезді үнге бөледі. Қазақ даласының кеңдігі мен киелі қалпына іңкәрлік сезімін айғақтайтын «Атамекен» әні бірнеше тілде шырқалды.
Салтанатты жиын өткен алаңда «Арқан тартыс», «Кір тасын көтеру» және «Асық ату» секілді ұлттық ойындар бәсекесі өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті марапаттар тапсырылды.
Орайлы сәтте бірлік пен ынтымақ мерекесіне арналған іс-шаралар бағдарламасы кең сипатты болғанын айта кеткен жөн. Соған орай, «Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» аймақтық пікірсайыс турнирі, «Достығы жарасқан» тақырыбымен мерекелік фестиваль, «Хоровод дружбы» мерекелік шарасы, «Бірлік болмай – тірлік болмас» атты акция өткізілді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңі де осы бағдарлама аясында мәреге жетті. Қатарынан төрт күнге ұласқан түрлі мазмұндағы мәдени-көпшілік және спорттық-бұқаралық іс-шаралардың тізбегі жоғарыда аталғандармен шектелмейді. Ең бастысы, солардың барлығының астарында ел бірлігін одан әрі нығайту, тұрақтылықтың іргетасын берік ете түсу ұстанымдары жатты.

СӘТБАЕВ қаласы.
Ахат Құрмансейітов

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.