Жаңаарқа

«Достық» аллеясы ашылды

Жаңаарқа ауданы – жұртшылыққа жасампаз істерімен танымал өңір. Ешқашан бәсең тартпайтын сол үрдісті ауданның басшылығы мен ақеділ халқы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түзілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында тағы бір мәрте паш етті. Нақтылай түссек, аудан орталығындағы көрікті орындардың бірі – Отыншы Баубеков атындағы саябақта «Достық» аллеясы салтанатты жағдайда ашылды.

Сол күні саябақтағы «Достық» аллеясына аудан тұрғындары санатындағы түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері зор ынтамен қарағай көшеттерін отырғызды. Ілкімді істе, әсіресе, ерікті жастар ерекше қимыл танытты.

Шырайлы шараға қатысушылар қатарында аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Имантүсіпов пен аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев та болды. Салтанатты рәсімде жалпы қауымға жүрекжарды лебізін арнаған Қуат Анасұлы ынтымақ пен ырыстың бастауы іспетті мерекеге орай ел игілігіне тапсырылғалы тұрған ажарлы аллеяның ашылуымен құттықтап, оның қолданысқа берілуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

Ал, еңбек ардагері Лидия Посохина Жаңаарқада тұрып жатқанын мақтан тұтатынын айтып, аудан орталығының келбеті күн санап көркейе түскені көңілге қуаныш ұялататынын мәлімдеді. Осындай оралымды істерге мұрындық бола білетін аудан басшылығына шынайы пейілмен тәнті екенін де жасырмады.

«Қай ұлттың да ұғымында көк өскін – саулықтың кепілі, өркендеп өсу мен гүлденудің белгісі. Бұл шараның экология тұрғысынан қарастырғандағы маңызы өте зор. Тұратын жеріңді көгалдандыру мен көркейту – тағылымды һәм жасампаз іс. Сондықтан бұл – тарихи мәнге ие шара», – деді өз сөзінде жеке кәсіпкер, түркімен ұлтының өкілі Мердан Атамұрат.

Аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары жарасымды шараның сәнін әсем әнмен әрлей түсті. Рәсім түйінінде өзге ұлттардың өкілдері «Достық» аллеясына күтім жасауды өз жауапкершіліктеріне алу жөнінде бәтуаласты.

Осынау көрікті орын болашақта жергілікті тұрғындар мен Жаңаарқаға сырттан келетін меймандардың демалыс алаңына айналары күмәнсіз.

Алдағы уақытта аудан орталығының көрікті жерлеріне тал көшеттерін егу жұмыстары жалғаса береді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button