Қарағандыда 20 қыркүйекте өтетін концертке байланысты бірқатар жолдар жабылады
20 қыркүйекте сағат 16:00-ден бастап концерттік алаңда, нақтырақ айтқанда Е. Бөкетов және Сарыарқа көшесінен Б.Әшімов шағын ауданына дейінгі жол учаскесінде қозғалыс толықтай жабылады. Бұл жайлы Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлады.

Концертке өз автокөлігімен келетін тұрғындар мен қала қонақтары көліктерін Б. Момышұлы көшесінің бойындағы арнайы автотұраққа қалдыра алады. Ал іс-шара аяқталғаннан кейін көрермендердің үйлеріне қайтуы үшін қоғамдық көліктер ұйымдастырылады, бұл арнайы автобустар Е.Бөкетов көшесінің жабық учаскесінде жолаушыларды күтетін болады.

Сарыарқа көшесіне қарай қатынайтын автобустар Оңтүстік-шығыс, қала орталығы, Михайловка, ЖБИ және Федоровка бағыттары бойынша жүрсе, Б.Әшімов шағын ауданына қарай бет алатын көліктер Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинск аудандарына қарай жолаушыларды жеткізеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



