Спорт

Доп додасы тәмамдалды

«BUKETOV UNIVERSITY – 2021» шағын футбол турнирі тәмамдалды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қарағанды университеті ұйымдастырған додаға 12 команда қатысты.

Доп додасына қатысқан командалар университет қызметкерлерінен жасақталды. Сондай-ақ, аймақ журналистерінен құралған «BAQ football team» (Хабар, Хабар24, КТК, Saryarqa телеарналары) және «Saryarqa football team» («Saryarqa aqparat» медиахолдингі) командалары да жарысқа қонақ ретінде қатысты.

Екі топқа бөлінген аяқ доп шеберлері он күн бойы барын салды. Әр топтан 2 командадан – 4 құрама жартылай финалға өтті. Жартылай финалда экономика факультетінің «EFT» командасы биология-география факультетінің «BGF» командасын жеңіп, финалға жолдама алды.

Ал, дене мәдениеті және спорт факультетінің «FK&S» командасы математика және ақпараттық технологиялар факультетінің «M&IT» командасынан басым түсіп, ақтық сынға шықты.

Финалдық ойын тартысты өтті. Негізгі 40 минутта есеп 4:4 болып, қос мықты пенальти сериясында бақ сынасты.

Мұнда айқын басымдық көрсеткен «FK&S» құрамасы қарсыластарының қақпасына 3 допты жауапсыз тоғытып, чемпион атанды.

Жеңімпаз командаларға кубоктар және ақшалай сыйлықтар табысталды. «FK&S» құрамасы I орын үшін 250 000 теңгеге ие болса, II орынға табан тіреген «EFT» командасы 125 000 теңгені қанжығалады. Ал, III орынның 60 000 теңге жүлдесі 

«BGF» командасына бұйырды.

Сонымен қатар, үздік ойыншыларға, төрешілер мен ұйымдастырушыларға, қонақтар мен легионерлерге және барлық командаларға Алғыс хаттар табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button