Бас тақырып

Директорлар жалақысы артады

Осы уақытқа дейін мектептерде директорлар тапшы әрі олардың айлықтары мұғалімдердің айлығынан төмен болып келді. Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында директорлардың жалақылары екі есе артуы мүмкін. Ол мектеп басшыларының өз шеберліктеріне байланысты санаттарға бөлінуімен анықталмақ.

Қазіргі таңда Қазақстанның орталығы мен солтүстігіндегі білім ордаларында директорлар мен олардың орынбасарларының тапшылығы мәселесі туындап отыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

 – Директорлар үшін жай ғана мұғалім болып істеген ыңғайлы. Директорлардың жауапкершілігі жоғары және қағазбастылық көп, балалармен жұмыс істеу деңгейі де өзгеше. Бар мәселе – ынталандыруда, яғни, директорлардың айлығы мұғалімдердің айлығынан төмен. Осы орайда жалақыны 2 есеге арттыру директорлар мен олардың орынбасарларына да қатысты болмақ. Ендігі кезекте директорлар өз шеберліктеріне байланысты санаттарға бөлініп, өз жалақыларын 2 есеге, яғни 100 пайызға арттыру мүмкіндігіне ие. Директорларды да қолдайтын боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Жалпы «Педагог мәртебесі туралы» Заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам педагогтың мүддесін қамтамасыз етеді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтарына қатысты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button