Қарқаралы

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚУАТТЫ КҮШ

Кейінгі жылдары лаңкестік мәселесі бүкіл әлемді әсіресе, Орта Азияны алаңдатып отыр. Бүгінгі таңда еліміз лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы белсенді түрде ұлттық әрі халықаралық деңгейде күрес жүргізуде.

Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке діни экстремизм мен лаңкестікпен күрес бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Соның аясында Қарқаралы ауданында да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында көптеген іс шаралар жүзеге асырылуда. Сондай кездесу Қарқаралы қаласында қала, кент, село, ауылдық округ әкімдері мен имамдарының қатысуымен өтті. Айтулы жиынды аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы ашып, «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің басшысы Мақсұт Құжахметов, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Жанболат Хушкелдиев арнайы келіп қатысты. Дін төңірегінде біраз ақпараттар мен діни сауаттылықты арттыру, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын ұйымдастыру жөнінде Ж.Хушкелдиев жан-жақты мағлұмат берді. Ел арасында дендеп кеткен қауіптің алдын алу, жат ағымда жүргендердің жолына ұлт болып ұйысып, тосқауыл қою мәселесі кеңінен талқыланды. Жаңбырдан кейінгі қаптап кеткен саңырауқұлақша жат ағымдар мүшелері қатарының күн санап көбеюіне басты себеп – жастардың діни сауатсыздығы екендігі баса айтылды. «Бүгінде жастарымыздың көбісі ғаламтордан ақпарат алады, алайда, олар сол мағлұматтардың дұрыс бұрыстығына жете мән бермейді. Бір Аллаға сыйынып, бір дінді ұстанған халықты іштен іріту үшін бізге салафизм, уаххабизм ағымдарын жіберді. Оларда бес уақыт намаз оқиды, бізде бес уақыт намаз оқимыз. Раббымыз жалғыз Алла, пайғамбарымыз Мұхаммед, оқитын кітабымыз Құран кәрім. Бірақ, біздің осал жеріміз діни сауатсыздығымыз. Соны пайдалана отырып, бізді сан ағымға бөліп тастады. Оның зардабын бүгінде көріп отырмыз. 150-ден астам адам осы ағымдардан зардап шегіп, қаза тапқан», – дей келе, кейінгі жылдарда облыста орын алған оқиғаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ, наиб имам өз тәжірибесімен бөлісіп, Гүлшат ауылында болған оқиғаны ұйымдастырған, жат ағымда адасып жүріп от басқан қандастарымызбен кездескендігін, мұндай әрекетке не үшін барғандығын анықтағандығын да айтып өтті. Бұл жер де діни сауатсыздықтың орын алғандығын, ғаламтор арқылы келген нұсқауды орындауға әрекет еткендігі, екі ел арасына іріткі саларлықтай қадамға барғандығын да сөз етті. Жалпы елімізде діни қақтығыстардың алдын алуда ел болып жұмыла әрекет ету керектігі қажет екендігін, ауыл имамдары азғантай халқын сан тарауға бөлшектетпей, өзі де діни сауатты, жергілікті билік өкілдерімен бірлесе жұмыс жасау керек деген тоқтамға келді. Сонымен қатар, кездесу барысында ауыл имамдары да көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар пітір садақаларын  сол жердегі мешітке берсе, зекет қорына берілетін қаражат та жергілікті мешітке салынса деген ұсыныстарын айтты. Әрине, орынды. Мешіттерге мемлекет тарапынан ешқандай қаражат берілмейді. Себебі, зайырлы мемлекет. Яғни, дін мен мемлекет ажыратылған. Осы орайда, түскен қаражат мешітті қажеттімен қамтамасыз етуге жұмсалса дұрыс болар еді дейді, ауыл имамдары. Алайда, бұл мәселелерді жүрегі иманды, кәсіпкер азаматтар шешіп отырғандығы да айтылды. Имамдарға берілетін еңбекақы мәселесі де шешілген. Нақтырақ айтқанда, арнайы қор арқылы, ай сайын 30 000 теңгеден ақша алады.

Айтулы жиында Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Асқар Қуатбеков те жаназа және жерлеу рәсімдері жөнінде муфтиятта бекіткен қағидалар жарияланған кітаптың мазмұнымен таныстырып өтті. Қайтыс болған адамды жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жан-жақты қамтылған. Еліміздегі діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу жөнінде жазылған. Атап айтқанда, қара жамылып отырған үйден ас ішуге қатысты шариғатымызда қазалы үйден үш күнге дейін қазан асылмасын деген, қазалы үйге ауыртпалық салуға тыйым салынсын, алыстан келген қонақтарға берілетін дастарқанды марқұмның туыстарының, жора-жолдастарының немесе көршілерінің үйіне жасаған жөн. Дастарқанын той сияқты жасап, ысырапқа ұрынбау үшін ас мәзіріне шай, нан, бауырсақ және шелпек, қант пен қампит, ыстық тағам: ет немесе күріш кірсін делінген. Садақа той емес, сондықтан, ас беру кезінде марқұмға тілек сөз айтуды тоқтату, оның орнына халықты имандылыққа шақыратын уағыздар айту, Арафа күні шек шалдыру шариғатта жоқ болғандықтан тосқауыл қою, құрбандықты Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін ғана шалу, шақырған жерге кешікпей дер уақытында бару, көпшілік жиналған жерлерде құранның қысқа сүрелері оқылуы қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, мұсылмандарға қарсы шыққан бүлікшілерге, қарақшылық кезінде өлген тонаушылар мен қылмыс кезінде көз жұмғандарға, ата анасын өлтіргендердің, мұсылман дінін тастап, өзге дінге өткендердің жаназасы шығарылмайды. Жаназада қаралы жиын өтуге де тыйым салынып, құлпытасқа тек марқұмның аты жөні, тегі, туған және өткен күні мен жылы жазылу керектігі, сурет қоюға болмайтындығы да муфтият бекіткен қағида. Осы бір ережелерді халық арасында жан-жақты насихаттап, түсіндіру имамдарға тапсырылды.

Сағыныш Әбілова,

«Орталық Қазақстан»

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button