Қарағанды

Діни экстремизм – қатерлі құбылыс

  Қарағанды қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №11 кітапхана филиалында «Діни экстремизм – қатерлі құбылыс» тақырыбындағы кездесу өткізілді.

Іс-шараға Қарағанды облыстық №1 орталық мешітінің наиб имамы Мерей Қанатұлы, кітапхананың тұрақты оқырманы Сәбит Мүтәліпов және «Болашақ» колледжінің студенттері қатысты.

Кездесудің мақсаты – экстремизм, терроризм, радикализм терминдеріне түсінік беру, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы ахуал жайында мағлұмат беру. Жас ұрпақты өмір қауіпсіздігі, жанашырлыққа, бейбіт рухтағы адами қасиеттерге тәрбиелеу.

Кітапхана меңгерушісі Анар Ыдырысова діни экстремизм туралы қысқаша ақпарат беріп, оның қазіргі заманда болжауы қиын қауіпті құбылыс екенін жеткізді.

Мерей Қанатұлы қазіргі қоғамдағы діни ахуалға сипаттама жасады, қазақ қоғамын жайлап бара жатқан түрлі ағымдар, олармен күресу, сақтану жолдары турасында айтып берді. Ислам және лаңкестіктің бір-біріне қарама-қайшы ұғым екендігін түсіндірді. Сондай-ақ, халықтың діни сауаттылығын көтерудің маңыздылығына баса назар аударды. Студент жастар тарапынан туындаған көкейкесті сұрақтарға жауап берді.

Сәбит Мүтәліпов ұлттың қалыптасуындағы дін мен дәстүрдің маңызды рөлі, адамды көркем кемелділікке жетелейтін ар-ождан, имандылық, инабаттылық, жан тәрбиесі жайында әңгімеледі. Шара барысында тақырыпқа сай бейнеролик және слайд-презентация көрсетілді.

«Ислам лаңкестікке қарсы» атты кітап көрмесіндегі әдебиеттер оқырмандарға ой салды. Мұндай шаралардың өткізілуі жастардың діни сауаттылығын арттыруға зор үлес қосары анық.

Жұмабай ЖОЛДАСБЕКОВ,

зейнеткер.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button