Дін өкілін ұлықтады
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу аясында облыста бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған діни шаралар өтуде. Соның бірі – Троица-Севастиан соборында жалғасты. Атап айтқанда, қарағандылық Севастиан қарияның қайтыс болуының 50-жылдығына арналған Құдайшылық литургиясы өтті. Құдайшылық литургиясына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александр (Александр Геннадиевич Могилев), Қазақстан облыстарының епископтары мен священниктері, Беларусь, Украина, Ресей, Өзбекстан митрополиттері мен епископтары қатысты. Крест сапары жүргізіліп, қасиетті Севастианға ескерткіш және ескерткіш тақта ашылды.
– Бүгінгі атаулы күн Тәуелсіздіктің 25-жылдығы мен облысымыздың 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткен ғасырдың ортасындағы Севастиан қарияның өмір жолы оңай болған жоқ. Өзінің екінші Отанына айналған Қазақстан үшін белсенді қызметімен әртүрлі ұлттар үшін рухани бастамашы болып, оларды қажырлы еңбекке ынталандырды, жүректеріне қазақ жеріне деген сүйіспеншілік тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Қарағанды және Шахтинск Епархиясы қайырымдылықпен, өңіріміздің әлеуметтік саласын дамытумен айналысатынын айта кету керек. Басқа дәстүрлі діндер мен діни сенім өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста бола отырып, қазақстандық қоғамның толеранттылығы мен келісімін, өзара қарым-қатынасты нығайтуға ат салысады, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
1933 жылы репрессияға ұшырап, ҚарЛаг сынағынан өткен, жан азабы мен тән азабын шексе де өз сенімінен бір сәтке де бас тартпаған Севастиан қарияның ерлігі өзі сияқтыларға үлгі болды. 1939 жылы лагерьден босап шыққаннан кейін де: «Осы жерде өмір сүретін боламыз. Бұл жерде өмір де басқа, адамдары да басқа» , – деп, азап қамытын арқалатқан жерде қалып, ізгілік орнатпақ ниетпен Қарағанды қаласындағы Михайловка ауданына қоныстанып, өз ісін жалғастырған.
Севастиан қарияның қайтыс болуына арналған шараға арнайы келген қонақтар К.Станиславский атындағы драма театрында Қарағандылық Севастиан қарияның өмір жолына, қазақстандық азап шегушілерге арналған фильм көрсетіліп, мерекелік концертке қатысты.
19 қыркүйек күні мерекеге қатысушылар Митрополит Александрдың қатысуымен Михаил-Архангел соборындағы Құдайшылық литургиясына қатысып, лития қызметі өткізілетін, қасиетті Севастиан жерленген бейіттің басына бару рәсімінде болды.
Салтанат ИЛЬЯШОВА