Депутат – халық өкілі

    Аймақтың қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саласындағы оңды істерге өз үлесін қосатын мәслихат депутаттарының жүгі – ауыр. Бастысы – биліктің өкілетті  органына сайлана отырып, халық мүддесін жадынан шығармау. 29 қазанда өткен сайлауда мәслихат депутаттығына сайланғандардың арасында оқытушы да, заңгер де, дәрігер де бар. Демек, үміт артқан халықтың сенімін ақтау – депутаттардың кәсібилігіне сын.

Қарағанды облысы мәслихаттарының шығып қалған депутаттардың орнына 8 сайлау  округы бойынша сайлау өткені мәлім. Атап айтар болсақ, №12 Индустриальный, №29 Театральный және №41 Ақсу-Аюлы сайлау округтері бойынша Қарағанды облыстық мәслихатына, №2 Әубәкіров және №10 Нұркен сайлау округі бойынша Қарқаралы аудандық мәслихатына, №5 Октябрь және №6 Звездный сайлау округтері бойынша Осакаров аудандық мәслихатына барлығы 8 босаған сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау жүргізілді.

Сайлауға барлығы 25 кандидат ұсынылған. Кандидаттарды тіркеу қорытындысы бойынша 24 кандидат  тіркелді. Ал, құжаттардың толық пакетін ұсынбауына байланысты бір үміткер тіркелмесе, бір кандидат өз өтінішімен кандидатурасын алып тастаған. Округтік сайлау комиссиясы оны тіркеу туралы шешімді жойды. Сонымен, 29 қазанда өткен сайлауға барлығы 23 кандидат қатысты.

Комиссия төрағасы Е.Айма­ғамбетовтің айтуынша, орташа бә­секелестік бір депутаттық мандат­қа 3 үміткерден келген.  Олардың  83%-ы ер адам болса, 17%-ы әйелдер. Қазақстан Республикасының саяси партиясының мүшелері 35%, партия­да жоқтары 65%-ды құраған.

Кандидаттардың арасында үш түрлі ұлт өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы – 40.  92,0%-ы жоғары білімді, 8,0%-ы арнайы орта білімді. Ал, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда және кәсіпорындарда еңбек ететіндері – 71,0% болса, коммерциялық құрылымдарда – 21,0 %, саяси  партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметшілері 8,0%-ды  құрайды. Кандидаттардың 35,0%-ы Қазақстан Республикасының саяси партияларының мүшелері, 65,0%-ы партияда жоқ.

Сайлау жұмыстарын ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен 10 млн. 216 мың теңге бөлінген. Оның 1 млн. 419 мың теңгесі үміткерлердің сайлау алдындағы науқандарына, кездесулер ұйымдастыруға, БАҚ-тағы жариялымдарға және насихат материалдарын дайындауға жұмсалған.

Облыстың сайлауға қатысатын сайлаушыларының жалпы саны 70 мыңнан астам (70 248) адамды құраса, сайлаушылардың келуі – 80,62%-ға жеткен, яғни, 50 мыңнан астам (57 534) сайлаушылар сайлау учаскелеріне келген.

Сайлау нәтижесінде, Қарағанды облысының мәслихаттарына 8 депутат сайланды, яғни, 3 – депутат облыстық мәслихатқа, 5 – аудандық мәслихаттарға. Депутаттардың жасы 25-тен 60 жас  аралығында. Барлығы 8 депутаттың арасында 3 заңгер, 3  оқытушы, 1 экономист, 1 дәрігер бар.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Аймағамбетовтің айтуынша, науқан «Қазақстан Рес­публикасындағы сайлау туралы» ҚР  Конституциялық заңына сәйкес өткізілді.

Естеріңізге салайық, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Серік Балғатайұлы Өтешов, Қазақ қатынас жолдары университеті жанындағы Жезқазған қашықтықтан оқыту және кәсіби бейімдеу орталығының директоры Бекзат Қомарұлы Алтынбеков, Шет аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Хауарира Бергенқызы Әбітаева облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды.

Салтанат Ильяшова

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.