Денсаулық сақтау министрі коронавирустың келуі туралы болжамдарға пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының келуі туралы болжамдарға пікір білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті достар! Әлем бойынша коронавирус инфекциясы 115 елге таралды. Олардың арасында бізге көршілес мемлекеттер және тікелей әуе қатынастарын орнатқан елдер де бар. Сонымен бірге, бәріміз сыртқы әлемнен толық оқшауланудың мүмкін еместігін түсінеміз. Еліміздің аумағына инфекцияның енуі ықтимал екенін де жоққа шығармаймыз», – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Алайда, Үкімет коронавирус инфекциясын елге кіргізбеу мен таратпау үшін айрықша шаралар қабылдауда.
Сонымен бірге, министр біздің ғалымдар ұсынған сценарийдің іске аспауы да мүмкін екенін ескертті.
«Тағы да мәлімдеймін, Қазақстанда бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекция расталған жоқ», – деді Елжан Біртанов.
Бұған дейін Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин наурыз айының 11-16 аралығында Қазақстанда коронавирус тіркелуі мүмкін екенін айтты.