Әдемі қартаю да бір бақыт

    Еліміздің осы күндегі толағай табыстары мен жарқын жетістіктерін көңіліміз марқайып сөз еткенде ең алдымен қазыналы қарияларымыз еске түседі. Тамырсыз ағаш болмайтыны сияқты тағдырсыз халық болмайды. Қазақ халқы талай-талай қиындықтарды жеңген, болашағына байыппен, үмітпен, сеніммен қараған тағдырлы халық. Тарихтың тереңіне көз тастасақ, халқымыздың қиын-қыстау жолдан өткенін көреміз. Әріге бармай-ақ, Ұлы Отан соғысын алайық. Сол сұм соғыста қаншама адам қырылып кетті. Оның ішінде сол кезде ортақ Отанымыз саналған Кеңес Одағын қорғау жолындағы қанды шайқастарда Шет ауданының азаматтары да Ұлы Жеңісті жақындатуға зор үлестерін қосты. Соның бірі һәм бәрегейі даңқты жерлесіміз – Жұматай Құтжанов.

    Бәрін айтпай-ақ, сол қанқұйлы соғыстағы ерлігі үшін «Богдан Хмельницкий» орденімен марапатталуы куә бола алады. Бұл орденмен исі Шет ауданында бір-ақ адам марапатталған. Осының өзі біздің ұстазымыз Жұмекеңнің соғыста қалай ерлік көрсеткенін дәлелдей алады.

    Ал, соғыстан кейінгі бейбіт еңбек майданында қосқан үлесі де өте зор. Жастарға отансүйгіштіктің тәрбие беру ісіне үзбей қатысқандығы үшін, ауданның экономикалық және мәдени дамуына үлкен үлес қосқаны үшін Жұмекең ағамыз Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесінде Қазақстан Республикасының «Ерлігі үшін»медалімен марапатталды.

   Жалпы, Жұмекең ағамыз туралы көп айтуға болады. Ол кісінің өмірі, жүрген жолдары, халық үшін істеген қызметі үлкен бір романға арқау боларлық.

   Жұмекең ағамыздың негізгі мамандығы – ұстаздық. Осы жолда жұбайы Рәш апамызбен бірге жалықпай еңбек еткен адам.

   Қазір Жұмекең тәрбиелеп өсірген азаматтар кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінде, егеменді еліміздің гүлдене беруі үшін еңбек етіп жүр. Академиктер Баян Рақышев, Серғазы Әдекенов, Жамбыл Ақылбаев, жазушы Кәмел Жүністегі, 80-ге жақындаса да әлі аттан түспеген, ауыл шаруашылығының озат маманы Боранбай Жұмкин, байланыс саласының республикадағы майталманы Мейрамбек Балтин… Осы тізімді, әрине, әрі қарай жалғастыра беруге болады.

   Бұл отбасы – нағыз бақытты отбасы. Он бала тәрбиелеп өсірген. Қазақша айтқанда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған адамдар. Ағамыздың бақыты сонда – немере, шөбере, тіпті неменесін көрген адам. Бұндай бақытқа адамдар кемде-кем ғана жетеді.

   Жұмекең ағамыздың ең үлкен қасиеті Кеңес Одағы ыдырап, елдегі өндіріс орындары жаппай жабылып, жұмыссыздық жайлаған қиын тұста ұстамдылық пен көрегендік танытты. Сол қиын уақытта еліме біттей де болса көмегім тисін деп Елбасынан сұранып ауылыма тұңғыш әкім болып келдім. Сондағы Жұмекең ағамыздың ісімен де, сөзімен де көрсеткен көмегі күні бүгінге дейін есімде. Сол кездегі қиындықты жеңуге қалай көмектесті десеңізші. Зейнеткерлер 7-8 айдан зейнетақысын, бюджетте істейтіндер 6-7 айдан еңбекақысын ала алмай жүрген, су, электр жарығы, жылу жоқ кез. Дүкендердің сөрелері жылан жалағандай бос тұрды. Қазіргі жастарымызға осының бәрі ертегі, болмаған жағдай сияқты. Осы кездегі Жұмекеңнің бұл кезеңнің өтпелі екендігін, әлі тұрмысымыздың жақсаратынын айтып, халықты сабырға шақырғандығы естен кетпейді. Тағы бір ерекшелігі, ел арасындағы өсек-аяңға ілеспеді. Қашан көрсең де сабырлы мінезімен, ақкөңілдігімен, көпшілдігімен, қарапайымдылығымен, бауырмалдығымен өзіне тартып тұрады.

   Жұмекеңнің салиқалы ойларын, өмір тәжірибелер туралы естеліктерін тыңдай жүріп, «Қарттық – кәрілік емес, даналықтың, абыздықтың көрінісі» деп аталарымыздың бекер айтпағанына көз жеткізесің.

   Қарияларымыздың осы бір мінезі сонау ертеректе өмірден өтіп кеткен ауыл тұлғаларын – дария қарияларын еріксіз еске түсіреді.

  Есімізде, олар жиі: «О, жаратқан ием! Барлығын алсаң да абыройымды алма» деп тәубелерін жасап отыратын .

   Біле-білсең, шынында да өмірдің сәні әдемі қартаюда, оның өзі бір бақыт емес пе?!

   Аға буын өкілдері ұзақ жасап, мемлекеттің, өз ұрпағының қамқорлығына бөленіп, ақылын айтып жүрсе қуаныш емес пе?! Қазіргі жаңашылдық, жасампаздық, ержүректілік аға буын өкілдерінен жұғысты болғанын айтуға тиіспіз. Сондықтан, Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, аға ұрпақтың жанкешті еңбектері мен ерен ерліктерін бір сәтке де ұмытпау қажет. Қарттарын қадірлеген елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болатынын естен шығармайық.

   7 қаңтар 2017 жылы Жұмекең ағамыз көп жылдан бері ағарту саласында еңбек етіп 100-ге келеді. Өзі ондаған жылдары осы салада басшылық қызметте болып, аттан түспей жүріп, зейнеткерлікке жетті. Бұл айтулы күн тек Құтжановтар әулетінің мерекесі ғана емес, ағамыз тәрбиелеп өсірген азаматтардың, исі ауданның мерекесі.

Құтты болсын ғасыр жасыңыз, аға!

Қасымбек МЕДИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қазақстан мәслихатының

Құрметті депутаты.

Шет ауданының Құрметті азаматы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.