Ғылымға арнаған ғұмырын
Бүгіндері ұлттық статус алып, дамудың жаңа биігіне көтеріліп отырған академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, саналы ғұмырын арнаған ғалымдар шоғырында ф.ғ.д., профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) академигі Жандос Смағұловтың есімі үлкен құрметпен аталады.1979 жылы осы жоғары оқу орнының филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған дарынның барша ғылыми ізденістері, тәлімге толы ұстаздық тағылымы университет өмірімен біте қайнасып жатыр.

1979-1980 жылдары Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте тәжірибе жинақтап, 1980-1982 жылдары «Жамшы» сегіз жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерінде шыңдалады.
Ғылымға деген құштарлық Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасына жетелеп, конкурстық негізде 1983 жылы аға оқытушы болып қабылданады. Ол кездері Қазақстанда тек қана екі университет болғанын ескерсек, кәсіби біліктілікке қойылатын талап пен талғамның қандайлық өреде болғанын бағамдау қиын емес.
Қарағанды мемлекеттік университетіне арнайы дәріс оқуға келген атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішұлымен әдебиет тарихын зерттеу, әдеби мұраны игеру, ұлттық әдебиеттанудың тарихи бастаулары хақында батыл полемикаға барып, құрметіне бөленеді.
Жас оқытушының зерттеушілік қарым-қабілетін тереңнен бағамдаған профессор аспирантурада оқуға ой салады. Сөйтіп, Жандос Смағұлов 1987-1990 жылдары сол кездегі С.Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына қабылданады.
1993 жылы профессор Т.Кәкішұлының ғылыми жетекшілігімен «Қазақтың әдеби мұрасын игеру проблемалары» деген аса өзекті тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, ұлттық әдебиеттануға мықты ғалымның келгенін дәлелдейді.
Тәуелсіздік дәуіріне дейін қазақ халқының сан ғасырлық әдеби, классикалық мұрасын зерттеу, игеру, жариялаудың әдіснамалық мәселелері, ғылыми қағидаттары арнайы және жүйелі зерттеудің нысанына алынбай келген болатын. Сондықтан аталған тақырыптағы кандидаттық диссертация қазақ әдебиеттануында қордаланған бірнеше ғылыми мәселенің түйінін тарқатуда батыл қадам жасады.
Біріншіден, әдеби мұраны игерудегі қате теория табиғаты, соның ішінде маркстік-лениндік әдіснама зардаптары объективті түрде сын тезіне алынды. Екіншіден, әдеби мұраны игеру, зерттеу, жариялаудағы Алаш қалам қайраткерлері бастауындағы тұрған отандық жетекші ғалымдардың тарихи қызметі алғаш ғылыми негізде әділ бағасын алды. Ол еуропацентристік танымдағы қасаңдыққа берілген соққы болатын. Біржақты дәріптеліп келген шетелдік зерттеуші ғалымдар еңбектеріндегі қасаңдық, қисынсыздық жаңаша көзқараста сараланды.
Ұлттық әдебиеттануда ғылыми мектебін қалыптастырған академик Тұрсынбек Кәкішұлының ізбасар шәкірті профессор Жандос Смағұлов өзінің ұстазына деген адалдығынан танған емес. Ғылым жолындағы түрлі қиындықтарды еңсере жүріп, 2009 жылы «Қазақ әдебиеттану ғылымының туу және қалыптасу жолдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Қазақ әдебиеттану ғылымы өзінің туу, қалыптасу және даму жолдарында аса күрделі кезеңдерді өткергені мәлім. Академик Т.Кәкішұлы ұлттық әдебиеттану ғылымының туу үрдісін үш кезеңге жүйелеп, оның қалыптасуын 1938-1958 жылдар аралығымен айқындады.
Ал, Жандос Смағұлов ұлттық әдебиет туралы ғылым тарихын жаңаша жүйелеу қажеттігін айта келіп:
«Бірінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи алғышарттардан тұратын арғы бастаулары, яғни тарих алдындағы дәуір. Бұл ежелгі дәуір әдебиетінен басталып, ХХ ғасырға дейінгі ұзақ уақыт аралығына созылды. Екінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Ол 1900-1940 жылдар арасында жүзеге асты. Үшінші кезең – қалыптасу дәуірі. Атап айтқанда, 1941-1970 жылдар аралығындағы мезгілді қамтиды», – деп түйеді.
Диссертация қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын жан-жақты зерттеуге арналған алғашқы қадам болды. Соның барысында кезінде еуропацентристік қасаң көзқарас, маркстік-лениндік әдіснама мүмкіндік бермеген, ұлттық нигилистер жоққа шығарумен келген қазақ әдебиеттану ғылымының арғы бастаулары айқындалды.
Ол қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи негіздерін саралап, VI-ХІV ғасырлардағы ғылыми таным-білік арналарын екшеуге, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің алғашқы бастауларын дәйектеуге тыңнан жол ашты. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мен дәуірге бөлу мәселелері де алғаш рет жүйелі түрде қарастырылды.
Қадірлі ұстазымыз, ғылыми жетекші әрі кеңесшіміз профессор Т.Кәкішұлы атап көрсеткендей, докторлық диссертацияның әр бөлімі, тараушалары қазақ әдебиеттануының аса көкейкесті мәселелерін зерттеудің соны бағыт-бағдарын айқындауымен құнды.
Ғалым Жандос Смағұлов үнемі ғылыми ізденіс үстінде болуымен ізбасар шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Оған «Әдеби мұраны игеру проблемалары» (1992), «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (1999. 2008), «Ахметтану бастамалары» (профессор Ш.Жалмаханoвпен бірге. 2005), «Ұлттық әдебиеттану әлемі» (2005), «Тағылымға тағзым» (2005), «Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» (академик Т.Кәкішұлымен бірге. 2006.), «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2007), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» (2009. 2012), «Бата сөздердің тағылымдық табиғаты» (2009), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» (2014), «Тарихтан тағылым» (2014), «Әдебиеттану әдіснамасы» (2104), «Ғылымдағы ғұмыр» (2016), «Гуманитарлық ғылымдар саласында ғылыми зерттеуді ұйымдастыру мен жоспарлау» (С.Такиров, Ж.Рүстемовамен бірге 2016. 2023), «Абыз дала, Аңыз дала – Ақтоғай» (2018. 2021 ғылыми еңбектері, танымдық кітаптары дәлел.
Жандос Қожахметұлының бойындағы ерекше қасиеттің бірі – ұстаздары мен үзеңгілес достарына, шәкірттеріне деген айрықша құрмет.
Ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлына арналған «Тұрсынбек Кәкішұлы» (2017. 2020) әдеби-ғылыми ғұмырнама жарық көрді. Сыралғы досы, сыншы Әуез Бейсебаев хақында «Әуездің әсем әлемі» (2021) кітабы басылды.
Ғалымның «Ұлылар үндестігі», «Әдебиеттанудың ар-ожданы», «Әдебиеттанудағы бірегей тұлға», «Аңызға айналған Ақбидай», «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы», «Мәртебелі мамандыққа мән беру керек», «Әліпби – халық көптен күткен зәру мәселе еді», «Ғибрат шашқан шайырлар», «М.Әуезов және әлемдік әдеби сын», т.б. мақалаларының тұлғатану, өлкетанудағы маңызы зор.
Жандос ағайымызды жетпіс жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Қадірлі ұстазымыздың ғылым менен шәкірт тәрбиелеу жолында жасаған еңбегінің жемісін көріп, халқымыздың құрметіне бөленіп, әрдайым абырой биігінен көріне беруіне тілектеспіз.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.
Айтбай ЖҰМАҒҰЛ
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.



