Тұлға

Дара жырдың даңғылы

Өмірде жаныңа жақын, жаратылысыңа жуық жандар көп кезіге бермейді.

Көше достық бір бөлек, көңіл достық бір басқа. Көңілмен жарасу – талғаммен табысып, таныммен түйісу деген сөз. Ондай дос тірлігінде жаныңа жарық нұрын себелеумен болса, ғайыптан тайып кетсе, әлгіндей әсем сәуленің енді ешқашан болмайтынын сезіндіріп, жүрегіңе жүк арқалатады. Жүдеу сезімге бөлейді.

Мынау фәни жалғанның жарығын небәрі елу екі-ақ жыл жанарынан өткерген ақын Дәуітәлі Стамбеков те өзінің жыр толғау мәнерімен, жан әлемінің жауған қардай таза, тамған шықтай мөлдірлігімен ерекше жаратылған пенде еді. Пенде емес, пендеден шыққан періште десек болар. Өмірде өлеңнен өзге ештеңе іздемеген, тұрмыстың рақатын көздемеген, ұлы бабасы Абай дана айтқандай, «дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына кірген» жанды періште демей не дерсің?! Өзі де ата тегі мен ана жұрты сойынан алып саралағанда ырысының уызы арылмаған кіл қаракөктің тұқымы еді ғой. Мұның шет жағасын бұрнағы жылдарда жария болған сөзімізде айтқан да болатынбыз. («Жалын» журналы, ақпан, 2004 жыл – А.Б.).

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы «Қоңырат» совхозы оның тербетіліп өскен талбесігі. Көмейіне бұлбұл, қызыл тіліне қырғи ұялап, қазақы дәстүрдің қаймағын қалқуымен атағы тараған бұл ауданның есімін білмейтіндер сайын қазақ даласында санаулы-ақ шығар. Ұлт өмірінде ізін қалдырған арғы-бергі тектілерін тізбелесек, әңгіме мойны ұзап кетпек. Алаштың арқар мүйіз үш арысын өмірге әкелген Тоқырауын топырағынан кіл жүйрік – қылқұйрықтың қаншасы шықпады дейсіз?! Дәуітәліні де сол жақсылардың жұқанасы десек жөн.

Өткен ғасырдың апысыншы жылдары ғой. Оншақты бала жарыса өлең жазып, аудандық «Арқа еңбеккері» газетіне маза бермейміз. Жолдаған шимайымыз анда-санда құнтиып-шұнтиып шыққанына мәзбіз. Осы тұста аталған газетте Дәуітәлі Стамбековтің бір бет өлеңдері жариялана қалсын. Сондағы бәйге ат туралы өлеңінің алғашқы шумағы әлі есімде:

Жүйріктің, ойхой, екпіні ой,

Үй жыққан десе, үй жыққан.

Делебем қозып кетті ғой,

Бәйгені көріп құйғытқан…

Жасы жиырманың мөлшеріне жете қоймаған әріптесімнің (менен екі жас үлкендігі бар – А.Б.) аламан бәйгенің табиғатына сай өлең динамикасын дүбірлете дөңгеленткен шеберлігіне сүйсінгенім сондай, жыры көркем ақынның өзі қандай екен деп көрмекке құмарттым. Шынында да, алпысыншы жылдары қазақ поэзиясын соны сапаға көтерген қуатты толқынның біздің өңірдегі алғашқы сәтті жаңғырығы – Дәуітәлі Стамбеков болатын. Ол пенде ретінде қарапайымдылығымен қоса ақын ретіндегі жаңашылдығымен бірден үлгіге айналды. Жақсы ақынмен сол кездегі сәнді мерекелердің бірі – «Шопандар тойында» кездестім. Үстіндегі ақ жейде мен аппақ шалбары осындай түстегі топлиымен жарасқан, қара көзілдірікті, қиық мұртты, бота көз, борық маңдай, бұйра шашты көркем жігіт маған нағыз ақындық пен серіліктің символындай болып көрінді. Бұл кезде оның балғын да байыпты өлеңдері «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз» секілді беделді басылымдарда аракідік жарияланып, әдеби ортаны келешегінен дәметтіре бастаған.

Жазғаныңды жарыққа шығарудың мүмкіндігі аз кезең еді ғой. Жалғыз баспа мен үш-төрт басылым аға қаламгерлерден артылмайды. Сонда да әкеміздің ала тайыншасын сатқызып, жылына бір рет Алматыға қолжазбамызды құшақтап барудан жаңылмаймыз. Сондайда түсетін үйіміз, сүйенетін тірегіміз Фарида мен Дәуітәлінің құтханасы. «Келімсектер» кейде бесеу, кейде он боп кетеміз. Балалар оқуға түсетін жаз айларында одан да асып түседі… Сонда «ұлы» өлең жазуға жеткен ақылымыз, «осы біздің ішіп-жеміміз, төсек-орынымыз қайдан келіп жатыр» дегенге жетпейді. Бәрінен Фариданың берекелі қолы мен байсалды көпшіл мінезі алып шығады.

Қолжазбамызды машинкадан өткізу, редакцияларға жеткізу, баспаға тапсыру да – Дәуітәлінің міндетінде. Жазуымыздың арғы тағдырына бас ауыртып жатпайтын біздер астанаға тойлау үшін келетін сияқтымыз. Мұндай кезде оның нан жеп отырған қызметі жайына қалады. Редакторы Фариза апамыздан сөгіс естиді. Ақтоғайдан келген Абзалды жетеледім, – деп ақталады. Оның кім еді соншалықты? – дейді апамыз. Ол – болашақ ұлы ақын, – дейді бұл іштегі әлі де айыға қоймаған «дүмпудің» әсерімен. Әттең, Дәуітәлінің сол еңбегі еш кетті. Ұлы болмақ түгілі, ұлының ұлтарағы болуға жарамадық қой.

Біздің қайсыбір ақындарды «өлең үшін жаратылған жан» деп жататынымыз бар. Солайы солай шығар, бірақ мен білген ақындардың ішінде дәл Дәуітәлідей музаны ғана пір тұтып, басын соның жолына байлаған пенде кем де кем. Ол өлеңін ақын Қасым құсап әлдиледі. Жыр жазуға жеткен дарыны, қулық қуып, құм санауға жетпеді.

Әйтпесе, бір совхоздың қаражатын жамбасына басқан бас бухгалтердің баласының Алматының төрінен болмаса да төскейінен дербес үй сатып алуына қабілеті келіп-ақ тұрған. Бірақ баршылыққа бөгіп өскен бала әке дәулетінің қадірін білмегені анық. Бірде дастарқан басында Мәдібек ақсақалдың «Дәуітәлі, сенің институтта оқып жүрген кездегі сайраныңның өзіне үш машинаның ақшасы кетті», – дегені бар. Біздің Дәукең дүние қамын ойлауға келгенде осынша беймарал жан еді ғой. Барында тасымады, жоғында жасымады. Балалар өз несібесімен, – дейтін. Айтқаны келіп, Расулы бүгінде анасы Фариданы Алматының төріндегі төбедей котедж ішінде «адастырып» қойды. Өкініші – осыны Дәукеңнің өзі көре алмай кеткені…

Әрине, жұрт атаулыға Дәуітәлідей аскет болмадың, – деу ағаттық болар, бірақ қазір ақындықты ақша мен атақ үшін пайдаланғысы келетіндердің көбейіп кеткені де өтірік емес. Тобықтай түсім үшін таласта түйесін құрбан етуге дейін баратын бұлардың өлеңдеріне қарасаң – тұнып тұрған өнеге. Жаңағы итше ырылдасуының исі де сезілмейді. Кілең бетмоншағы үзіліп тұрған бір жандар немесе жырлар. Балғын кезінің өзінде-ақ:

Доспысың, мейлі, қаспысың,

Қартпысың, мейлі, жаспысың,

Ар үшін неге өлмейсің,

Өлесің неге ақша үшін?

деп толғаған Дәуітәлінің әлгіндей екіжүзді «ақындармен» еншісі бір болуы мүмкін емес еді. Соның зардабын да аз шеккен жоқ…

Дәуітәлінің анық жарқ етіп көрінген алғашқы қадамы – әрқайсысын бір-бір үлкен ақынның тобықтай батасы жетелеп, бес-алты жас таланттың басын құраған «Қанат қақты» атты ұжымдық жинақ десек қателеспейміз. Сонда оған қазақ поэзиясының өмір бойғы құбылысы болып өткен Сырбай Мәуленов емірене төгіліп ақ тілегін білдірген. Жас ақынның ойнақы оймен орайласқан өзіне ғана тән нәзік лиризмі алдымен осы жинақта бой көрсеткен. Мәселен, бозбала қаламынан туған «Бозторғай» атты өлеңдегі:

Алыс пен бағып жан-жағын.

Аспанның нұрын сіміріп,

Ауаға салып салмағын,

Ақша бұлттарға ілініп…

іспетті көзіңе көркем көріністі елестететін шумақтар ақынның көру қабілетінің қырағылығынан қапысыз хабар берген. Мұнда бір қарағанда емінген ой да, екпіндеген емеурін де жоқ. Көзіңнің қиығы шалар сурет қана бар. Бірақ «лақтырылған тастай аспанға қадалып қалған торғайдың» «көмейін балға толтырып тілінен тәтті төгуі» сені бір сүйсініске жетелейтіндей. Ақын құйттай тіршілік иесін ашықша үлгі етіп ұсынбағанымен, мәселе меңзеуге келіп ұласқанда мұның шілтері-сезімнің ғана емес, ойдың да жүгін арқалаған өлең екеніне құмбыл боласың.

Жұртшылықтың білетініндей, бірыңғай таза ойдың немесе таза сезімнің ақыны деген болмайды. Әрине, қаламгер болмысының әу бастағы табиғатына орай бір жағына басымдық берілуі мүмкін. Дегенмен, Дәуітәлі шығармашылығынан осы екеуінің тізгінін тең ұстағанын байқаймыз. Ол аяулысын алыс жолға шығарып салып тұрған қимастық сезім сәтін сипаттайтын өлеңінде де ойлылықтан ажырағысы келмейді. Өйткені, ой мен сезімнің оябы қашан да ортақ. Жүрегінің жартысы пойызбен бірге кеткендей болып оралған ақын жан күйін жыр жолына түсіргенде сол бір әрі қасіретті, әрі қасиетті мезетті жалаңаштап алудан сәтімен сақтанған. Мұны әдеби әдіс дерміз. Бірақ әдісті қолдану үшін әлеует, тәсілді тұтыну үшін тапқырлық керек емес пе?! Әрине, өлеңді «бір-бірімізді аңсаумен жүрерміз, аяулым» деген үйреншікті ізбен тұжыра салса да болар еді. Бірақ алдында ғана:

Біздің де осы мұңымыз –

Қоштасар шаққа аз қалды.

Пойызды қимай біріміз,

Біріміз қимай вокзалды, –

деп тебіренген ақын ойдың сабақтастық логикасын дәл сезініп, «пойыз бен вокзал бір-бірін аңсаумен жүрер, аяулым» деп мерген меңзеудің нүктесін қояды.Тапқырлық деп жүргеніміздің де бір мысалы – осы. Өлеңнің «Пойыз бен вокзал» деп аталуы да осындай оңтайлы шешімді оң көрген.

Дәуітәлінің балғын жырларының өзінен шынайы сезім мен шымыр ойға ден қоятыны байқалатын. Жасанды леп, жалған жамылғыдан жырақ жүрген ол еншісі қай тұста екенін ерте болжады. Ағысының қатты екені жай көзге байқала бермейтін арнасы кең, аңғары терең өзендердей «өзінде бармен көзге ұрмай-ақ» кемелдене берді.

Өмір дейсің, мен де оны жырлай білем,

Артық сөйлеп, ол бізді тыңдайды кем.

Сорым қалың десе дос, келіспеймін,

Өлшенбейді бір өмір бір қайғымен.

Мезгілімнен ертерек сөнсем де мен,

Жалынша бір алаулап көрсем деп ем.

Бақыттысың дейді жұрт, келіспеймін,

Бір бақытпен бір өмір өлшенбеген.

Иә, контрастың қисынына бағып, ойды анық та айшықты жеткізу тәсілін ол жас кезінде-ақ жетік игеріпті. Және бір жақсысы – бұл жалқы ғана жарасым емес. Бой бітімі балдақты білекте отырған қаршығадай жып-жинақы осы қос шумақ бір қайғыдан жасуға да, бір қуаныштан тасуға да болмайтынын көкірегіңе көп әуресіз-ақ қонақтата салғандай.

Біздің білуімізде, өлең сөзге келгенде, бала Дәуітәлі де, «дана» Дәуітәлі де тілге ділмәр, ойға тапқыр. «Өмір қысқа…» деп басталатын өлеңінде ақын өмірдің баянсыздығын (баянсыздықтың өзі де философиялық категория ғой – А.Б.) бейнелеуде шын мәніндегі шайыр-философ ретінде көрінеді:

Түлкі жылдар алдымыздан сан қашар,

Қыс пен көктем,

Жаз бенен күз алмасар.

Топыраққа түскен ізді топырақ,

Қарға түскен ізімізді қар басар.

Неткен үйелеп қалмас үйлесім, неткен мәймөңкелеуге көнбейтін морт мінез шындық, неткен меңзеуі мұздай ескерту?! Осыншалық «неткендеріне» қарамастан, неткен төрт аяғы тең түскен тегеурінді шумақ. Тегеурін техникадан емес, текетірескен ойдан келетінін сіз білсеңіз керек. Ол ой – шындыққа суарылған ой. Сондықтан да, қабылдамауға әддің жоқ. Осындай тұрманы түгел төрт тармақты өзін аспаннан ғана көруді әдетке айналдырған қайсыбір ақынның өмір бойы жазған шатпағынан таба алар ма екенсіз?!

Аксиомаға айналған бір ақиқат – шын ақын тосын ой, күрт бұрылыстың адамы болуға тиіс. Ежелден белгілі жайтты ежіктеуден аса алмай келе жатқан көптеген әріптестеріміз мұны түсінер емес. Қазақ поэзиясының қазіргі қасіреті – дараны көбейту емес, қараны көбейтуді қанағат тұтатындардың етек алып кетуінде. Өзі де тауып айтқыш Дәуітәлінің мұндайлармен қаны қас болатын. Ылғи жаңаша айту мүмкін болмағанда, ескіні жаңадай етуге күш салушы еді.

Сөнуден сақта, Құдай, жанбай жатып,

Жанған соң өзіңше жан қанды ойнатып.

Өзіңнің өрнегіңді өзің тоқып,

Өзге емес, өзің болған қандай бақыт! –

дейді ақын өзің болу үшін, тек, өзіңе ғана тән сөзің болуы керек екенін ескертіп. Меніңше, дүние пәле әріптестеріміздің кітап боп шыққан сөздерінің бәрін өз сөзім деп білуінде жатқан сияқты. Кешіріп қойыңыз, кейде өз сөзім деп жүргеніңіз мүлде өзіңдікі болмайтынын да білген жөн… Демек, Дәуітәлінің «өз өрнегіңді өзің тоқы» деуінде бір гәп бар. Сол «гәптің» сырын ашқан адам ғана соқталы сөз өнерін сомдамақ. Трагедиялық драма жанрының атасы Шекспир ақсақал өмір дегеніміз – сахна, әр адам өз ролін ойнап өтеді, – десе керек. Бірақ, біз ұлы драматургтің әр адам Алла қосқан рөлді ғана ойнайды деген сенімін ақтамаған секілдіміз. Ақтаған болсақ, ақын емес бола тұра ақынның, ғалым емес бола тұра ғалымның рөлін ойнайтынымыз қалай?! Әлде заман озған сайын адамшылық қасиеттің де тозғындайтын болғаны ма?! Тіпті, Шекспир шалды тыңдамасақ та

Мынау алып сахна – айналамыз,

Дайындалып,

Жаттығып,

Ойланамыз.

Өзіңіз де жетесіз өзіңізге,

Рөлінде басқаның ойнамаңыз –

дейтін Дәуітәлінің сөзіне құлақ ассақ болмас па?! Білгенге, бұл да ақын аңдатқан тосын пікір. Жаңа болмаса да, жауыр болмаған ой. Бүгін үшін де зәрулігі жоғалмаған сөз. Мұны олқы десеңіз, бір сәт «Абайдың ағашынан үзілгенмін» деп асқақтайтын ақынның «Ұлы ақындар өлген күні туады» дейтін қыңырлау қисынына қалай қарайсыз? Бұлар – өлеңнің тақырыптары емес, шумақтың жеке жолдары ғана. Бірақ, замандар бойы әр ақынның әртүрлі ыңғайында толғамды ойға талғажу болып келе жатқан осы бір астарлы ақиқат мына жалқы тармақтың жөргегін, әсте, тарсынбаған. Қайта, тақ қалпының өзінде астарлы ойға жетелеп, тұтас өлеңнің тұлғасын танытқан. Өлеңтану ғылымында «ой сыйымдылығы» деген ұғым бар. Яғни, Абай айтқандай, «бөтен сөзбен сөз арасын былғамай», әр сөздің жүктеулі мағынасына жету. Ақын осы үдеден шығыпты.

Жылдар өте келе шығармашылықтағы байыпты даму эволюциясы оны бұрынғы нәзік лиризмнің нақышынан сүйегі салмақты сақа өлеңдерге жетелегені де байқалатындай. Бұған өзі көріп, қызықтауға тағдыр нәсіп етпеген «Жұмағым мен тамұғым» кітабы айғақ. Мұнда жылдар бойы қалыптасқан мәнер мен машық шын шеберлікке ұласып, іргелі ой, ірі тақырыптарға желі байлапты. Ұлы даланың талайы мен тағдыры, қайғысы мен қуанышы, тарихы мен тағылымы – ақын жырларының үзілмес арқауына айналған. Бұл жырларда дарқан дала ұландарының өр рухы намысқа жаныған алдаспандай жарқылдайды. Отырары опат болып, биік дар ағашына асылғалы тұрған Қайыр ханның айтқанына қараңыз:

О, Шыңғыс хан, көрмеді басым нені,

Батырды елі сүйеді, ақынды елі.

Өліп бара жатсам да сенен гөрі

Тәңіріме сүйегім жақын, – деді.

Біз стильге сергек, үйлесімге ұқыпты ақынның техникасына сөз шығындаудан аулақпыз. Тек, ой орамына ден қойсақ дейміз.

Ғұн да болдым,

Сақ та болдым,

Түркі де,

Жау алдында айналмадым күлкіге…

деп биік сөйлейтін ақын, бір мезет айбыны алыс ғасырлардан арымай жеткен Мөде қағанмен мерейленуді де ұмытпайды:

О, ғұндардың Тәңірқұты ер Мөде,

Тұлпарың да тулап тұрса кермеде,

Көкбөрің мен ақсұңқарың жебесе,

Тыныш жата алмайсың-ау көрде де.

Мөдедей мәрт бабалардан бастау алған сол өр рух бүгін де керек бізге, – деп тұрғандай осы бір жігерлі жыр жолдары.

Ал, мына бір өлеңнің мәселесі қай кезде де көнермейтінін ақын жүрегі анық сезгендей:

Қадірлім не,

Білемін киелім кім,

Тек, соларға басымды иемін мың.

Бөлшектеймін десе кім бұл даланы,

Аттап өтсін үстінен сүйегімнің.

Бұл күндері біздерде арман басқа,

Қолдар бізді үлкен де,

Қолдар жас та.

Кетер қонақ сықырлап керзі етігі,

Біз қалармыз айналып балбал тасқа.

Бүгінде кейбір тірілеріміздің өзі көңіл аударғысы келмейтін жер тағдырына бақилық болып кеткен ақынның алаңдаушылығы – бұл. Кетудің орнына керзі етігі сықырлап келгісі келетіндердің, келіп алғандардың қарасы көбейгені де рас. Ақынның өзі өлсе де сөзі өлмейтінінің дәлелі шығар бұл да. Өзі «күресінде» болғанмен, сөзі күресуде екен-ау.

Иә, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ поэзиясының дәуірлеген тұсы болғаны анық. Небір сейдін ақын, сүбелі дүниелер сол кезде кемел кескін танытқан. Дегенмен, сол әлеуетті буынмен қолтықтаса қадам басатын тағы бір тың күш, тегеурінді толқынның қажеттігі де байқалып қалған. Алайда, Қадыр мен Жұмекен, Тұманбай мен Мұқағали секілді семсер сөз иелерінің өкшесін басып тұрған буынның қауқарлылары болғанымен, қарасыны аз-тын… Ендігі үміт солардан кейінгі буынға артылған. Қазақ өлеңінің бағына қарай, бұлар кілең «мен атайын, сен тұрдың» өзі болып шықты. Мәселен, сол тұста қаңтарда жараған бурадай зар күйіне жүрген дәстүршіл Кеңшілік, тапқыр Жарасқан, әуеншіл Тынышбай, бейнешіл Жұматай, суретшіл Несіпбек, төңкерісшіл Темірхан, өзгерісшіл Иранбек, ойшыл Ұлықбек, сезімшіл Исрайыл, қисыншыл Дәуітәлі қара өлеңнің қандай жүгін де көтеруге дайын боп қалған. Көтерді де. Өмірден өткені бар, бүгінге жеткені бар бұлар сол жүкті әлі көтеріп келеді. Өйткені, асыл ұлдан айырылғанда Абай айтқандай, «қолдарын істен босатар қарағымдар» аз болып тұр. Қадау-қадауы бар да, қарақұрым күшке айналары жоқ. Әдебиет пен мәдениет қысыраған заманның құлындары да күлік тумай, бүлік туып жатқандай. Дәуітәлі мықты болса, оның «жалғыз шапқан ат жүйрік» болуына мұрша бермеген берен достарының арқасы-ау деймін.

Ақсораңнан ұшып, Алатаудан тұғыр тапқан Дәуітәлі Стамбековтің артында екі том өлеңі қалды. Ақын үшін аз дүние емес. Бұл – оның қамшының сабынан да қысқа ғұмырында атаққа асықпай, мақтанға масықпай жүріп тындырған шаруасы. Қос кітапты қадағалай қарасақ, қамтымаған тақырыбы, қаузамаған мәселесі қалмаған екен. Ел құсап енші күтумен ерекшеленбей, еміренісіне елдікті, тебіренісіне тектілікті тиянақ етіпті. Аузын ашса ауылы, демін алса даласы өлең боп өріліп, толғау боп төгіле берген. Өзі үздіге сүйген өмір үзеңгісі үзілейін деп тұрғанда да «ертеңіңе алаңмын, Қазақстан» деп өлең жазуға қуат тапты ол. Соңғы мақаласын төсек үстінде әппақ сөлмектей болып жатып, ұлы Пушкинмен аяқтады. Бұлай ету жүздің бірінің қолынан келмес-ау.

Он төрт жыл бойы Алматыда аяқ-табағымыз араласып, қалам-қағазымыз алмасып тату ғұмыр кешкен адал дос, анық бауырды бордай босап тұрып келместің кемесіне мінгізгеніме де он жеті жылдың жүзі болыпты. Ет-сүйегі елу екіде қалып, рухы жетпіске жетті, – деп жатыр бүгін ел. Әй, бір қуаныш, бір қайғыдан тұратын тұрлаусыз, өмір-ай! Мұңайып тұрып тойлайсың, тойлап тұрып мұңаясың…

Жадымда екі ақынның талант табиғатының тұстастығына байланысты емес, тағдыр-талайының ұқсастығына байланысты ұлы Жұмекеннен айырлып аһ ұрған кез жаңғырады. Жүректің екі дүмпуінің арасында «Менің топырағым» атты мәңгілік ой кітабын жазып үлгірген ақын шығармасына жазған мағынасы мұхиттай терең, мұнарасы мұзарттай биік алғысөзінде өзі де кемеңгерліктің шыңына шығып, шаршысына толған әулие Әбіш Кекілбаев: «Осынша ғұмырлы өлеңдер жазған ақынның өз ғұмыры келте болғаны ғана өкінішті. Ол елуге енді келетін еді. Екінің бірі жетіп жатырған елу ғой…», – деп езіле, егіле тебіренбеп пе еді?! Абыз аға сөзі беймезгіл кеткен басқа бозқасқаларға да бағышталып тұрғандай. Сол елудің әр жақ, бер жағында бір Дәуітәлі ғана емес, оның ордалы ойдың ошағын маздатқан талай үзеңгі досының таралғысы үзілген. Сөздерін жалған дүниеге аманаттап, өздері шын дүниеге шым батқан. Баршасына бір Алланың кеңшілігі бұйырғай. Қайран Дәукем, Сізге де…

P. S.

Сол бір жан жаралы, көңіл налалы күндерде қара сиялы қалам ұшынан көз жасындай болып тамған жоқтау жырлардың бірі төмендегідей еді:

Ақын деген алапат бір айбынмен

Жүре тұрған жөн еді.

Бақыт түгіл, бас көтертпес

қайғыңмен

Жүре тұрған жөн еді.

Жаңаң жоқ па, көнеліктің көзімен

Жүре тұрған жөн еді.

Бай болмай-ақ, кедейліктің өзімен

Жүре тұрған жөн еді.

Азамат ең Алашым, – деп терлейтін,

Жүре тұрған жөн еді.

Сыйлықсыз-ақ (өлмесеңіз бермейтін)

Жүре тұрған жөн еді.

Қазақы бір қалпыңменен

қастерлі ең.

Жүре тұрған жөн еді.

Жұртта көп қой, мейлі, жалғыз

кәстөммен

Жүре тұрған жөн еді.

Еншілес ең Есениндей дарақпен

Жүре тұрған жөн еді.

Мейлі, кінәз коньяк ішсін шараппен

жүре тұрған жөн еді.

Шындық үшін сен бір қызыл кеңірдек,

Жүре тұрған жөн еді.

Өлтіріп ап алтын, – дедік,

Темір боп жүре тұрған жөн еді.

Шерлі, зерлі күйге толған шанақтай

Жүре тұрған жөн еді.

Қара томға ғана бізді қаратпай,

Жүре тұрған жөн еді.

Беу, Дәуітәлі!

Алматы, 1999 жылдың жаз айы.

Абзал БӨКЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button