Жаңалықтар

Дамыған мемлекет алғышарты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп қазақстандықтардың үш тілді меңгерулері қажеттілігі туралы міндеттемелер қойған еді. Оның үстіне биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдуында да «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілін еркін меңгеруінде» деп, үштілділіктің маңыздылығына тағы бір тоқталып өтті. Кемі үш тілді меңгеру – заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.
Үш тұғырлы тiл – дамыған мемлекет құрудың алғышарттарының бiрi, ол өмiрлiк қажеттiлiктен туындаған игiлiктi идея екенi белгiлi. «Тiлдердiң үш тұғырлығы» дәлiрек айтқанда, үш тiлдi – қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн Қазақстан азаматтарының бiрдей меңгеруiн меңзегенiмен, мұның түпкi негiзi, көздеген мақсаты – мемлекеттiк қазақ тiлiнiң халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тiлдерiмен тең қолданылатын биiкке жеткiзу, қазақ тiлiн әлемдiк тiлдер қатарына қосу үшiн нақты ұмтылыс жасау. Қандай мемлекет болмасын, оның ең әуелi мән берiп, ұлықтайтын тiлi, әрине, мемлекеттiк тiл. Қазiргi жастар елiмiздiң болашағы қазақ ұлтымен, оның мемлекеттiк тiлiмен тiкелей байланысты екенiн жақсы түсiнедi және сонымен қатар, әлемдiк үдерiстен тыс қалмай, көп тiлдi меңгерудiң де өмiр талабы екенiн жақсы бiледi. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру.
Әлемдік оқыту кеңістігінде Қазақстан Республикасының ұлттық оқыту жүйесінің интеграциясына байланысты кредиттік оқыту технологиясы осыдан он шақты жыл бұрын енгізілген. Осыдан бастап көптілді меңгеруге байланысты мектептерде оқушыларды үш тілде оқыту және шет тілдіренде сабақ бере алатын ЖОО мамандарын даярлау мәселесі күн тәртібіне енді. Мәселен, өзім, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде негізгі мамандығымды игерумен қатар, көптілді білім беру бағдарламасы (ағылшын тілі) бойынша дипломдық жұмысын қорғадым. Облыс орталығындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде тәжірибеден өттім. Осы сияқты мүмкіндіктер жас мамандардың өзінің мамандығын ағылшын тілінде оқып, үйретуге мүмкіндік береді. Бүгіндері физика пәнін ағылшын тілінде оқыту арқылы оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, қызығушылығын арттыруға, термин сөздерді меңгеруге жағдай жасайды. Сонымен қатар, алған білімі өмірге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгерілуі қажет екендігі оқушы санасына сіңіріледі. Ең бастысы, оқушының ағылшын тілін меңгерудегі сөздік қоры толығады, сөйлеу дағдысы қалыптасады.
«Үш тілде білім берудің 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасын» іске асыру шеңберінде үш тілде білім беруді енгізу дайындық басталған сәттен бастап біздің мектеп-лицейде «Үш тұғырлы физика» атты тандау курсы ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – оқушыларға ағылшын тілінде физиканың негізгі ұғымдарын түсіндіріп, ағылшын тілінде ойлауын қалыптастыру, пән туралы ағылшын тілінде толымды мағлұмат беру.
Оқыту барысында ең қызықты деген оқу құралдар пайдаланылады. Бұл – баланың қызығушылығын оятатын, суреттер мен пазлдардан тұратын оқулық. Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика кафедрасының арнайы құрастырған «Ағылшын тілінде физика мамандығына арналған практикумды» да қолданыста.
Осы курсқа қатысқан оқушылар облыстық ғылыми жобалар сайысына өздерінің жұмыстарын ұсынып, жүлделі орындарға ие болуда.
Қазіргі таңда зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламасы ұлттық және халықаралық тәжірибелердің ең үздік үлгілерін кіріктіруді көздейді. Осы мақсатта зияткерлік мектептердің үздік практик мұғалімдері мен стратегиялық әріптесіміз – Кембридждің Халықаралық емтихандық кеңесінің кеңесшілері бірігіп, кіріктірілген білім беру бағдарламасын, яғни, жаңа бағдарлама жасап шығарды. Кіріктірілген білім беру бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін белсенді оқыту, командалық оқыту, пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту (CLIL), т.б. озық педагогикалық әдістерді қолдану талап етіледі. CLIL әдісі (content and language integrated learning) – кез келген пәнді ағылшын тілін қолдана отырып, оқыту. Бұл орайда зияткерлік мектептер осы бағдарламамен жұмыс жасайтын мамандарды қолдау үшін түрлі шараларды ұйымдастырып отырады. Соның бірі – Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «British Council» ұйымдастырған жаратылыстану-математика бағытындағы мұғалімдерді ағылшын тілінде сабақ беруге баулу семинары. Онда физика сабағында ағылшынша қалай дұрыс сөйлеу керек, сабақ бөлімдерінің ағылшынша атауы, жаңа сабақты дұрыс түсіндіру, қандай сөздер қолдану керек, баламен ағылшынша сөйлесу және тағы басқалары түсіндірілді.
Біздің білім ордасы тірек мектебі болғандықтан, магниттік мектептер үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесімен бөлісу мақсатындағы іс-шаралар тұрақты өтеді, осылайша басқа мектептердің оқу ісіне осы тәжірибелердің енгізілуіне үлес қосамыз.

Сымбат СҮЛЕЙМЕНОВА,
№15 мектеп-лицей
директорының оқу ісі
орынбасары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button