Жаңалықтар

Дәстүрлі дода дүбірі

       Биыл «KEGOC» АҚ құрылғанына – 20 жыл. Еліміздегі энергетикалық кәсіпорындардың бірегейі саналатын компанияның электр таратудағы үлесі қомақты. Республиканың барлық аумағында филиалы бар. Жиырма жыл ішінде алып құрылымға айналды.

Өткен аптада Қарағандыда компания жұмыскерлері арасындағы Х спартакиаданың жалауы желбіреді.

Байрақты бәсеке Тәуелсіздік күні мейрамы және құрылымның мерейтойына орайластырылды.

Турнирдің ашылу салтанатына Қа­рағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров, «KEGOC» АҚ Аппарат басшысы Болатбек Омаров және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карпов қатысты.

Спорттық шаралар «KEGOC-тың» әлеуметтік саясатының басым ба­ғыттарын іске асыруға, сонымен қа­тар, ұжымда салауатты өмір салты мен корпоративтік қарым-қатынасты қалыптастыруға септігін тигізеді. «KEGOC» қызметкерлерінің барлық корпоративтік іс-шараларға асқан қызығушылықпен және зор ынтамен қатысатыны қуантады, – деді Болатбек Омаров.

Екі күнге созылған турнирде «KEGOC» Атқарушы дирекциясы, Жүйелік оператордың Ұлттық диспетчерлік орталығы (ЖО ҰДО), тоғыз өңірлік аймақ, «Энергоинформ» АҚ еншілес компаниясы қызметкерлерінен құралған 12 команда күш сынасты.

Компания құрама командаларының спорттық шараларда жоғары орындар алуы кездейсоқтық емес. Сөзімізге дәрел ретінде айтар болсақ, былтыр «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы IV Спартакиадада «KEGOC» командасы волейболдан – І, үстел теннисінен – ІІ, шахматтан – ІІІ, шағын футболдан – ІV орын жеңіп алып, жалпы ұпай саны бойынша 19 команда арасында ІІ орынды иеленді.

Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылған спартакиадаға 300-ден артық спортшы қатысты.

Қоскүндік жарыс қорытындысында «Алматы ЖЭТ» филалының құрама командасы жеңімпаз атанды. Ал, жүлделі ІІ орынға «Солтүстік ЖЭТ» құрама командасы, ІІІ орынға «Шығыс ЖЭТ» құрама командасы ие болды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button