Дәстүрлі дода басталды
Кеше Қарағандыда Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан V республикалық турнир салтанатты түрде ашылды. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген 2010-2011 жылы туған ұлдар мен қыздар екі күн бойы додаға түседі.
Дәстүрге айналған турнирде биыл 200-ден аса бала бақ сынайды. Желаяқтар дүбірі Қазыбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық манежде өтіп жатқанының өзі турнирдің мәнін ашқандай. Мұнымен қоса, Беларусь елінен келген делегация да бұл жолғы жарыстың жаңалығы.
Қазақ батыры Қазыбек Нұржанов Беларусьтің Волковыск қаласын азат ету кезіндегі шайқаста қаза тапты. Біздің жерлесіміз Деречин селосындағы бауырластар зиратында жатыр. Ол елдегілер де қаһарман Қазыбек Нұржановтың есімін ардақтап, жыл сайын жергілікті спорт мектебінде қазақстандық жауынгердің құрметіне жеңіл атлетикадан турнир өткізеді.
2019 жылы Қарағандыдағы жеңіл атлетика манежіне батырдың есімі беріліп, сол жылы оны еске алу құрметіне алғашқы біріншілік өткен еді.
Салтанатты рәсімнің алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерден Халилин жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
– «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады», дейді халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Дәл осы қасиетті бойына сіңірген Қазыбек Нұржанов елін жаудан қорғап, Отан үшін ерен ерлік жасады. Батырдың рухына тағзым ету, оның есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпақ, біздің басты парызымыз. Дәстүрге айналған бұл турнирдің мәні зор. Биыл Беларусь елінен спортшылар келіп отыр. Оның өзі жарыстың жылдан-жылға маңызы жоғарылап келе жатқанын айғақтайды, – деді Ерден Балтабайұлы.
Қарағанды облысының Құрметті азаматы, жазушы Төрехан Майбас ақ тілегін білдіріп, Беларусь елінен келген делегация өкілдеріне қазақы жолмен шапан жапты.
– Батырлар есімін мәңгі ұрпақ жадында қалдыра отырып, жастарға рух-жігер беріп, саламатты өмір салтын насихаттау – жарыстың басты мақсаты. Батыр бабамыз қандай құрметке де лайықты. Жыл сайын Отан қорғаушы күні қарсаңында Беларусь олимпиадалық резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жеңіл атлетикадан Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржанов атындағы кубогы үшін жарыс өткізіледі. Мектептерінде атамыздың пайдаланған заттары қойылған мұражай да бар. Батырдың ұрпағы екенімді мен ғана емес, бүкіл Ақтоғай жұрты мақтанышпен айтады. Кеңес Одағының батыры – Қазыбек Нұржановтың ерлігі бізге, кейінгі ұрпағына үлгі. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс айтқымыз келеді, – деді батырдың немересі Марат Нұржанов.
Батырдың туыстары атынан жарыстың жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталады.– Биыл Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облысынан, Астана мен Қарағанды облысының спортшылары жиналды. Көптеген жастар үшін бүгінгі жарыс – үлкен турнирлерге қатысудың бастамасы. Бұл сайысқа белгілі жаттықтырушылар төрешілік етеді, – дейді жарыстың бас төрешісі Андрей Агеев.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген автор