БалқашАймақБас тақырып

Ерқанат пен Мұхит «Қазақстан барысы» додасына жолдама алды

Балқаш қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен ересектер арасындағы «Сарыарқа Барысы» облыстық іріктеу турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық спорттың мерейін асырған айтулы оқиғаға айналды. Дүбірлі додаға Қарағанды облысының қала-аудандарынан жиналған таңдаулы балуандар қатысып, қазақ күресінің көркін қыздырды. Облыстың 13 командасы бақ сынаған жарыста палуандар «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алу үшін өзара күш сынасты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Салтанатты ашылу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов, қалалық мәслихат төрағасы Ахат Мүслимов және спорт ардагерлері қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Жарыс шымылдығы командалардың салтанатты шеруімен ашылды. Ұлттық спортты ұлықтаған додада әр белдесу жанкүйерлердің зор қызығушылығын туғызып, тартысқа толы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Балқашта алғаш рет өткізілген «Сарыарқа Барысы» турнирі қазақ күресін дамытуға, жас буынның ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыруға және өңір спортшыларының шеберлігін шыңдауға бағытталған.

Күн бойы жалғасқан белдесулер қорытындысында Бұқар жырау ауданының спортшысы Ерқанат Молдағұлов қарсыластарының бәрінен басым түсіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ол турнирдің түйе балуаны атанып, «Сарыарқа Барысының» арнайы белбеуін иеленді және 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады.

Айта кетейік, Ботақара кентінің тумасы Ерқанат Молдағұлов бұған дейін де халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Ол алғаш рет құрлықтық деңгейдегі жарысқа қатысып, Өзбекстан, Үндістан, Қырғызстан және Иран балуандарын жеңіп, Азия чемпионы атанған болатын.

Турнирде екінші орынды Мұхит Қарғабай иеленсе, үшінші орын Марлен Жанғабылға бұйырды. Жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, күміс жүлдегерге 300 мың теңге, ал қола жүлдегерге 200 мың теңге берілді.
Жарыс қорытындысы бойынша Ерқанат Молдағұлов пен Мұхит Қарғабай «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алып, алдағы аламанда Қарағанды облысының намысын қорғайтын болды.

Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button