Балқаш қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, Балқаш қалалық бокс федерациясының тұңғыш президенті, КСРО спорт шебері Тілеугерей Ислямұлы Маканалинді еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінің шымылдығы түрілді.

Жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген былғары қолғап шеберлерімен қатар Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Халықаралық деңгейдегі жарыс бірнеше күн бойы жалғасып, болашақ чемпиондардың шеберлігін шыңдайтын маңызды алаңға айналмақ.

Салтанатты ашылу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Ахат Мүслімов, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, халықаралық дәрежедегі төрешілер, Тілеугерей Маканалиннің жары Майра Қажығалиқызы және спорт ардагерлері қатысты.

Жиында сөз алған қала әкімі Сапар Сатаев Тілеугерей Ислямұлының Балқаш спортының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов жас боксшыларға ақжол тілеп, мұндай жарыстардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Өз кезегінде кәсіпкер Майра Қажығалиқызы жарысқа қатысушылар мен қонақтарға алғысын білдіріп, Тілеугерей Маканалиннің жарқын бейнесі мен спортқа деген адалдығы әрдайым ел жадында сақталатынын жеткізді.

Талай тарланды түлеткен Балқаш боксы тарихында өзіндік орны бар Тілеугерей Маканалиннің есімін ұлықтауға арналған турнир жас спортшылардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашпақ.
Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz



