Жаңалықтар

Дәстүр дәріптелді

Биыл балқаштықтар әз Наурызда қазақтың сан қырлы салт-дәстүрін дәріптеді. Рухани жаңғыру аясында ұлттық әдет-ғұрыппен әдіптелген мерекелік іс-шара әдемі әсер қалдырды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі ұйымдастырған қайырымдылық шарасы «Наурыз-ырыс» деп аталды. Онда айырықша көңіл бөлуді қажет ететін балалар ән салап, би биледі, «ертегі әлеміне» саяхат жасады. Оларға Қыдыр-Ата мен Ұмай-Ана сыйлық үлестірді.

«Наурыз-тарту» – «Арай» жасөспірімдер үйінде өткен акцияның атауы. Қазір мұнда балалар үйінен келген жасы 16-23 аралығындағы 15 тәрбиеленуші тұрады. Олар жергілікті өнерпаздар қойған концерт пен көрсеткен ұлттық «Тұсаукесер» рәсімін қызықтады. Өзінің аты-жөнін айтуды қаламаған балқаштық кәсіпкер мереке құрметіне жасөспірімдер үйіне бір қой мен бір қап ұн сыйлады.

Мерейлі мереке балалар үйін де қуанышқа кенелтті. Гуманитарлық-техникалық колледж студенттері бүлдіршіндерге стол ойынын, ал қала кәсіпкерлері “тәтті сыйлық” тарту етті.

Тұрмысы төмен отбасы мен жалғызілікті қарт та назардан тыс қалмады. Жергілікті биліктің ұйытқы болуымен ұзын-ырғасы 70 адамды көктем мерекесімен құттықтай барған қала кәсіпкерлері оларға азық-түлік жеткізіп берді, “Достар” мейрамханасында дастарқан жайды. Көшеде наурыз-көже мен бауырсақ таратылды.

Ең үздік киіз үй” байқауына 15 мекеме қатысты. Қорытындысын үш сағат талқылаған қазылар баспананың безендірілуін бағалап қана қоймай, ұлттық салт-дәстүр мен рухани жаңғыруды насихаттау шеберлігіне, Астананың 20 жылдығын дәріптеу тапқырлығына назар аударды. Бас жүлдеге Балқаш медициналық колледжі ие болды.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button