Дәруменмен байытылған ұн пайдасы

Барлығымыз білетіндей, бидай әлемдегі кең таралған астық дақылы болып табылады, адамдар оның көп үлесін тұтынады. Бидайдың табиғи құрамы В1 (тиамин), В 2 (рибофлавин), В6 (пиридоксин), Е дәрумендеріне, ниацинге, сонымен қатар, темір мен мырышқа бай.  Алайда, осы қоректік заттар бидайдың сыртқы қабығында жинақталғандықтан,  ұнды тарту кезінде олар  өз құрамын жоғалтып алады. Бұл ретте ұнды фортификациялаудың көп көмегі тиеді.

Бидай мен жүгері ұндарын фортификациялау (дәруменмен байыту)   бірнеше жылдан бері көптеген елдерде қарастырылып келеді. 1992 жылы БҰҰ-ның балалар мүддесі туралы бірінші Саммитінде  дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі көптеген елдерде денсаулыққа қатысты маңызды мәселе екендігі мойындалды. Денсаулық сақтаудың дүниежүзілік жағдайы туралы баяндамада денсаулыққа қауіп төндіретін ең маңызды әлемдік факторлардың ішінен йод, темір жетіспеушілігі, А дәрумені, цинк айқындалды. Әйелдердің жүктілікті жоспарлау кезінде, бала дамуының алғашқы апталарында  қолданатын фолий қышқылы әлемдегі көп кездесетін туа біткен ақаулар – баланың жүйке жүйесіндегі ақаулардың қаупін сейілтеді. Темір жетіспеушілігі   әлемдегі  ең көп кездесетін қоректік заттардың тапшылығы болып табылады. Ол 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі мен мүгедектігіне әкеп соғады. ДСҰ критерийлеріне сәйкес қаназдықтың               40%  және одан да  көп деңгейде  таралуы  қоғамдық денсаулық сақтаудағы өзекті мәселе болып саналады және бұл ретте оның жаппай алдын алу мен аталған аурудан емдеуге қатысты шұғыл шаралар қабылдау керектігін ұсынады. Қазақстанның тексерілген барлық  халқы арасында қаназдықтың орташа түрде  таралуы ауыр тәуекел  санатына жатады.

Астықты қайта өңдеу өнеркәсібі саласының әзірлеушілері мен технологтары ұн адамға қажетті микроэлементтерді «жеткізуші» ең ыңғайлы және қол жетімді әдіс деген шешімге келді.

Дамыған елдерде бидай ұны ең алдымен В1, В2 және темір дәрумендерімен фортификацияланады. Кейбір елдерде кальций, фолий қышқылы, Д дәруменін де қосады.

Қазақстанда ұнды фортификациялау үшін Орталық Азияның климаттық, географиялық және басқа да факторларын және  халық қажеттілігін ескере отырып, Қазақ тағамтану академиясымен арнайы әзірленген  дәрумендер мен минералдардың (премикс) қоспасы қолданылады. Премикстің құрамында В1 дәрумені (тиамин) – 1,3%, В2 дәрумені (рибофлавин) – 2,0 %, В3 дәрумені (ниацин) – 6,7 %, фолий қышқылы – 1,0 %, темір – 33,5 %, цинк – 14,7% бар. Өндірістің соңғы кезеңінде арнайы құрылғының (дозатор) көмегімен жоғары және бірінші сұрыпты 1 тонна ұнға  150 грамм премикс қосылып, жақсылап араластырылады.

Қарағанды облысында фортификацияланған ұнды келесі кәсіпорындар шығарады: «Қарағанды ұн комбинаты» ЖШС, «Сұңқар и К» астық компаниясы  ЖШС, «BESTMILL» ЖШС, «Сарыарқа-ұн» ЖШС, «Эталон-ЛТД» ЖШС, «Ас-Ай» ЖШС.

Денсаулықты сақтау мен қалпында ұстау үшін нан-тоқаш өнімдерін дайындау кезінде тек фортификацияланған (дәрумендермен байытылған) ұнды қолдану керек. Сауда жүйелерінде ұн және кондитер өнімдерін сатып алған кезде өнімнің қандай ұннан жасалғаны туралы қызығушылық білдіріп, сұрау керек.

Н.Аймағанбетов,

Қарағанды қаласы

 Қазыбек би атындағы ауданының қоғамдық

денсаулық сақтау

 басқармасының   басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.