Дəнігу оңай, арылу қиын
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомстволық штаб отырысында Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған есірткіге қарсы айлық шарасының ашылуы сөз болған-тын.
Осыған орай Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері «Құқық» қоғамдық қоры, «Үміт» оңалту орталығы, облыстық психикалық денсаулық орталығы өкілдерімен бірлесе отырып, Қарағанды теміржол вокзалында «Нашақорлыққа жəне есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні» акциясын өткізуде.
– Акцияның негізгі мақсаты – Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, есірткі тұтынуға қарсы ұстаным қалыптастыру, балалардың болашағы үшін отбасы негіздерін күшейту болып табылады, – дейді Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бағлан Жарылқасынұлы.
Қазіргі таңда Қарағанды қаласында есірткі тасымалдаушылар мен оны тарататын (закладчиктер) оқтын-оқтын құрықталып жатыр. Бұл заңсыздықтың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары күн-түн демей жұмыс істеуде. Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі соның бір бөлігі ретінде тұрғындарды түрлі акция мен бағдарламар арқылы салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда.
Олар Теміржол вокзалындағы лэд-экрандардан есірткі тасымалдаушының құрықталғаны туралы бейнеролик көрсетіп, тасымалдаушының психикасына əсер етуге болатынын айтады.
– Есірткінің барлық түрі – өте қатты əсер ететін у, адамның физикалық жəне психикалық денсаулығы үшін өте зиян. Есіркіге тез үйреніп алуға болады. Ал, арылу қиын. Тіпті, адам өзі қалап тұрса да, бас тарту мүмкін емес. Біздің басты міндетіміз осы ақпараттың барлығын қала қонақтары мен тұрғындарының санасына сіңіру.
Сондай-ақ, тасымалдаушыға есірткі сатып немесе тасымалдағанның арты жақсылыққа апармайтындығын жеткізу, – дейді Бағлан Жарылқасынұлы. Сондай-ақ, жолаушыларға «Берік отбасы – есірткіден алшақ», «Жастар – есірткіге қарсы» деп аталатын буклеттер таратылды.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz