ЖаңалықтарЭкономика

Бюджеттің өскені – бақуаттылық белгісі

Эволюцияға зейіннен гөрі революцияға бейім адамның жаратылысы – қызық. Аштықта жеген құйқаның дәмін ұмытпайтын елдің ұрпағы тоқтықта тәубесін тарс естен шығаратын боп жүр. Кешегіні күстәналау –ол тарихта ежелден бар. Бірақ бір қызығы уақыт деген төре ерте ме, кеш пе, оның бәрін өзі реттейді. Ағын ақ деп, қарасын қара деп алып шығатыны тағы бар оның. Оған дейін қанша ғұмыр, өмірдің нешеме жылы керек? Ол жағы бізге беймәлім. Десек те, хомо сапиенс аталған соң дерек пен дәйекті таразыға тарта білу де парыз. Ақиқаттың қандай екенін айқын көру үшін. Жылына бір келетін Тәуелсіздік күні қарсаңында жыл сайын «Біз осы не тындырдық?» деген сұраққа жауап іздеп, шақшадай басты шарадай қыламыз. Әрненің етегіне, әр заттың шаужайына жармасып, тәуелсіздіктің шеңберіне әкеліп тыққымыз келіп тұрады. Әрине, бәрі де тәуелсіздіктің арқасы. Бүгін Қарағандыда автобуста қазақша еркін сөйлеп, қазақша күле алатынымыз да, тыныш ұйықтап, жұмысқа еріншектікпен еркелеп, әрең келетініміз де Тәңір берген тәуелсіздіктің арқасы. Айтылуы керек, әлбетте. Оның бәрі тырп еткізбейтін дерекпен шегелеп айтылса, тіпті, құба-құп.

 

Кешегісіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертең тағы жоқ. Қарағандының кейінгі жылдары өрлеген экономикасын, тіктелген рухын жалаң сөзбен айтып ауызды ауырту – артық. Тек қана қоғамның жамандығын жинап-теріп үйренген басымыз жақсылықтарды саусақ арасынан сығалап та қарағымыз жоқ. Ендеше, деректер сөйлесін.

Қарағанды облысының экономикасы өскеніне дәлел жетерлік. Әлеуметінің әлеуеті жақсарғанына мысал көп. Соның бір дәлелі – жыл сайын бекітілетін бюджет. Мәселен, Қарағанды облысының тура осыдан 22 жыл бұрынғы бюджеті биылғы бюджеттен 100 есеге кем еді десек, сенесіз бе? Дәл солай, кем еді.

2000 жылы облыстық мәслихат бекіткен бюджеттің көлемі 13 млрд. 205 млн. 603 мың теңге. Бұл 1999 жылы 23 желтоқсандағы Қарағанды облыстық мәслихатының ІІ сессиясында бекітілген бюджет (2000 жылға арналған облыстық бюджет туралы Қарағанды облыстық мәслихатының II сессиясының 1999 жылғы 23 желтоқсандағы №2 шешімі. Қарағанды облысының Әділет басқармасында 2000 жылғы 26 қаңтарда №53 тіркелді).

Бұл шешімнің 1 тармағында бы¬лай деп жазылған. «12000 жылға арналған облыстық бюджет кірістері бойынша 13 205 603 мың теңге сомасында, ресми алынған трансферттер бойынша – 3 278 372 мың теңге, өтеулер бойынша – 832 967 мың теңге, шығыстар және кредиттеулер бойынша – 16 986 527 мың теңге. Бюджет профициті – 662 700 мың теңге, бюджет профицитін пайдалану (негізгі қарызды өтеу) – 130 415 мың теңге.

Қаржы жыл басындағы бюджет қаражатының еркін қалдықтарын пайдалану – 232 285 мың теңге».

Бұл – тоқыраудан кейінгі, инфляцияның бірнеше атасын көргеннен кейінгі ахуал. Содан бері не өзгерді дегенге келейік енді. Жоғарыда айт¬қанымыздай, жылдық бюджеттің көлемі 100 есеге артыпты. Көрсеткіш пе? Көрсеткіш. Айғақ па? Айғақ. Мұның өзі бұл күнгі жағдайдың қандай деңгейде екенінен хабар береді.

Дәлірек айтсақ, былтырғы облыстың бюджеті жаңылмасақ, 134 млрд.теңге көлемінде еді. Сонда 2022-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджет 365 млрд. теңгені құрағаны ашық ресурстардағы деректерден мәлім. Ал, алдағы 2023-2026 жылға қарастырылған бюджет 400 млрд. теңге шамасында. Сонда өзіңіз өсімді есептей беруіңізге болады.

«Облыстық бюджетке түсімдер 430,4 млрд. теңге сомасында жоспарланған. Экономиканың нақты секторының сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуді қолдауға, сондай-ақ бюджеттік инвестиция¬лық жобаларды іске асыруға арналған қаражат шығыстардың жалпы көлемінің 21,8%-ын құрайды. Атап айтқанда, бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және арттыру, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, өңірлік көлік инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыруды технологиялық жаңғырту үшін жағдай жасау», – деп атап өтті облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина («Орталық Қазақстан». 10 желтоқсан 2022 жыл).

Осыдан соң, 22 жылға кейін шегініп, өткен мен бүгіннің таразы тасын салыстырғанда, осы күніміз таразы табағын төңкеріп тастайтыны анық. Бюджеттің неден құралатынын бұл арада ежіктеп жату – артық шығар. Оның басым үлесін – өңірдегі өндіріс, кәсіпорындардың салығы түзетінін жұртшылық жақсы біледі. Ал, мұның бәрі азаттықтың арқасы емес деуге кімнің дәті барады?!

Тәубесін ұмытпас үшін Аяз би шапанын төрге іліп қойса, біз 22 жыл бұрынғы бюджеттің дерегін алып шыққан жайымыз бар. Аяз би болмасақ та, әлімізді біліп, ойлана жүру үшін. Бюджеттің өскені – бақуаттылық белгісі, біздіңше…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button