ҰБТ-да калькулятор пайдалануға бола ма?
Қазақстанда биылғы ҰБТ тапсыру науқаны басталып кетті. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ кезінде сақталуға тиіс ережелерді түсіндірді. Сонымен қатар, ҰБТ-ға калькулятор алып кіру мәселесіне де жауап берді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуде 57 мың адам тест тапсырған. Оның ішінде түлектердің 74%-ы – қазақ тілінде, 25%-ы – орыс тілінде, 37 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 78% жуық талапкер жинады. Орташа балл – 70.
– ҰБТ-ға өзіңізбен бірге калькулятор алып кірудің қажеті жоқ. Бұл әрекет ереже бұзу фактісі болып саналады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларындағы ҰБТ мен негізгі ҰБТ-да (мамыр-маусым) калькулятор тестілеу компьютерінде болады. Айта кетейік, сіздер калькулятордан бөлек компьютер экранынан Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесін, Бекетов тізбегін таба аласыз, – делінген орталық хабарламасында.
Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде жарияланады.