Ресми

Браконьерлер тыйылмай тұр

Табиғи ресурстарды қорғау мен көбейтудің маңызы зор. Әсіресе, балықты шамадан тыс аулау олардың құрып кету қау­пін тудырады. Осы орайда, су айдынындағы балық және өзге де су жануарларын қорғау үшін жыл сайын түрлі акциялар ұйымдастырылады. Алайда, бұл уақытша шектеу шараларын назарға алмайтындар да бар. «Ит қорыған жерге өш» демекші, шектеу шараларын «көзге ілместен» балық аулап, «қармаққа» түскендердің қарасы қалың. «Балық сатамын» деп басы пәлеге қалып, айыппұл арқалағандар туралы «Нұра-Сарысу» облыс­аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бекзат Мақажанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

 

Сәуір айының соңында бас­талған «Уылдырық шашу-2023» жә­не «Таза су айдындары» таби­ғат қорғау акцияларының қорытын­дысы нәтижесінде бірқатар заңбұзу­шы­лықтар анықталған.

Жалпы, Нұра-Сарысу бассейні­нің аумағында жергілікті маңызы бар 224 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 2 су айдыны бар. Оның ішінде, жергілікті маңызы бар 120 су айдыны, республикалық маңызы бар 9 учаске жануарлар дүниесін пайдаланушы 91 шаруашылыққа бөлінген. Ал, жергілікті маңызы бар 98 су айдыны мен республикалық маңызы бар 7 учаске резервте тұр.

– Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес, балық және басқа да су жануарларының биоалуандығын түрлендіру, сонымен қатар, балықтардың уылдырық шашу, балық ресурстарының табиғи өсімін ұлғайту үшін қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында биыл 15 сәуірден 30 маусымға дейін уылдырық шашу және табиғатты қорғау акциялары өтті. Уәкілетті органның бұйрығына сәйкес, 30 сәуірден 30 мамырға дейін бекітілген балық шаруашылығы учаскелері торта, табан, алабұға, мөңке, шортан балықтарын барлық су айдындарында аулауға тыйым салды. Соған сәйкес, қайық, өзге де балық аулау құралдарын қолдануға да шектеу қойылған болатын.

Егер де бұл заң шеңберінде бекітілген шектеулерді бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 383-бабына сәйкес, балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ерекшеліктерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескер­тілді. Бұл акциялар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Дегенмен, шектеу шараларын бұзушылар саны азаяр емес, – дейді Бекзат Мақажанов.

Айтылған ескертуді елемегендерге жыл басынан бері инспекция 137 әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырыпты. Оның 15-і сотқа жолданды. Жалпы, сомасы 1 млн. 742 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 1млн. 587 мың теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар, 11 бірлік заңсыз қолданылатын балық аулау құралдары, синтетикалық монофиламенттен жасалған желілер, 2 жүзу құралы, 2 көлік, 849 келі балық тәркіленді.

Уылдырық шашу маусымында инспекцияның бақылауында тұрған аумақта табиғат қорғаудың заңнамасын бұзған 55 факт анықталып, 879 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қарағанды және Ұлытау облысының су қоймаларынан 207 иесіз торлар, 10 ілмекті құрал алынып, 61,05 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Акцияға 443 адам қатысып, 131 техника жұмылдырылғанын да тілге тиек етті жауапты инспекция басшысының орынбасары.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button