Руханият

Бояуы – қанық, идеясы – анық

Облыстық бейнелеу өнері музейінде суретші Изя Смирновтың «Мың күн тыныштық» атты жеке көрмесі ашылды. Қарағандылық қылқалам шебері туған қаласында алғаш рет төл туындыларын көпшілік назарына ұсынып отыр.

Изя Смирнов сурет өнеріне кішкентай күнінен қызығып, өзін шыңдаған. Суретшінің айтуынша, көркем өнерге деген махаббатты оның бойына В.Малышев атындағы Қарағанды қаласының балалар көркемөнер мектебіндегі өнер тарихы пәнінен сабақ берген ұстазы дарытыпты. Мейірбан ұстаздың шәкірт қабілетін байқап, бағыт-бағдар бергені осындай үлкен өнерге жол ашып отыр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, кейіпкеріміз әр нәрсенің басын бір шалмай, бар ынтасын осы салаға арнаған.

Изя Смирнов Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында театр сәні бағытында және Алматы мемлекеттік университетінде станоктік көркемсурет бойынша білім алып, қабілетін жетілдірген кәнігі маман. Оны біз көрмеге қойылған бояуы қанық, идеясы анық туындыларынан байқадық.

Сонымен қатар, Изя Алматы, Астана шаһарларында өткен көрмелерге бірнеше мәрте қатысып, тәжірибе жинақтаған, қаламы ысылып, қолтаңбасы қалыптасқан суретші.

«Мың күн тыныштық» жобасында пейзаж, портрет, натюрморт және абстрактілі көркемсурет жанрларында салынған 50 картина ұсынылды. Изя Смирнов көптеген эксперименттер жүргізіп, деректі реализм, экспрессионизм, постмодернизм, абстракция және кубизм стильдерінде сурет салып жүр.

Бұл – өнердің, қылқаламның құдіреті!

Көрме-экспозиция 12 ақпанға дейін жалғасады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button