Ботай БАЙЗАҚОВ

Ботай Байзақов 1922 жылғы 23 ақпанда қазіргі Бұқар жырау ауданының Энгельс атындағы шаруашылығы аумағында дүниеге келген.

Қарағанды қаласындағы Жамбыл орта мектебінде оқып, бес сыныптық білім алады. Еңбек жолын Шет ауданының «Нұраталды» совхозында жұмыскер болып бастайды.

1942 жылдың 25 маусымында Шет ауданының әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылады.

Ботай Байзақов алғашқы соғыс қимылдарына барлаушы ретінде Мәскеудің оңтүстік-батысындағы аудандарда қатысады. 286-шы атқыштар дивизиясының 860-шы полкінде пулеметші, бронь талқандаушы (РПТР бағыттаушысы) және атқыштар бөлімінің командирі болады.

Ботай соғыста батырлық танытып, қандай тапсырма болмасын жанқиярлықпен орындап, көзге түсті. Белорусь майданында, Друть өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды, ал, 220-шы биіктік үшін болған шайқастағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

«Қызыл жұлдыз» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен наградталған.

Сұрапыл соғыс уақытында Б.Байзақовқа ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені екі мәрте берілген. Негізінде, «Даңқ» орденін тапсыру тәртібі бойынша, алдымен, үшінші, екінші соңында бірінші дәрежелі орден тапсырылуы керек еді. Бұл қателік 39 жылдан соң түзетіліп, Ботай Байзақовқа 1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы бойынша І дәрежелі «Даңқ» ордені табыс етілді. Ол орден Германия жерінде танктерді жойғаны үшін берілді. Осылайша Б.Байзақов «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Қаһарман жауынгер 1946 жылы әскер қатарынан босаған соң «Нұраталды» совхозына оралып, өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Б.Байзақов 1995 жылдың 22 тамызында қайтыс болды. Нұраталды ауылдық округіндегі Шота ауылында жерленген.

Батыр есімі Нұраталды ауылындағы бір көшеге берілген.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді)