Жаңалықтар

Бота атауларын білесіз бе?

Төрт түліктің төресі атанған түйені – ойсылқара деп пір тұтудың ерекшелігі бар. Ықылым заманнан түйе қазақтың көшіп-қонуы мен қара шаруасы үшін пайдалы көлігі болған. Тіпті, жолсыз шөл жерлерде жүретін «қара жердің алып кемесі» атанған. Түйе баласы – бота. Ботаның да көпшілік біле бермейтін атаулары бар екен.

Мәселен, мезгілсіз туған ботаны – арамза бота деген. Ал, ақ кемік бота – енесінің уыз сүтін емін-еркін еміп өскен бота. Қара кемік бота – енесінің уыз сүтіне жарып-тоймаған бота. Күн қаққан бота – шілде, тамыз айларында туған ботаның ыстықта көп байланып, күнсіреуін айтады. Бұралқы бота – адасып келіп басқа түйелерге қосылған бота. Жасық бота –түйе төлінің ширап оңалмай жүргенін айтқан. Көк бақа бота – әр түрлі жағдайға байланысты семірмей өте арық, жалданбаған бота, марқа бота – мезгілінен үш-төрт ай бұрын боталаған түйенің төлі. Енесін еміп жүргенде – сүт бота, ал, толған бота деп сауылып жүрген інгеннің жақсы еттеніп, семірген ботасын айтады екен. Қызыл шақа бота – түйенің шала туған жүнсіз жас төлі. Құдыра бота – мерзімінен бұрын туған бота күзге салым тайлақтан кіші, басқа түйе төлінен үлкен болғандықтан осылай аталған. Қос кіндік бота – буаз түйенің уақытында боталаған төлінің кіндігі біреу болмай, екеу боп туғаны. Құтымсыз бота – енесін еміп қойып, жөнді сауғызбайтын, жетектесең жетегіңе жүрмейтін тырысқақ мінездісі. Маймақ бота – аяғының білезік буыны ішке немесе сыртына қарай айналып (қайқайып) тұрғаны. Нар бота – жалғыз өркешті нар түйеден туған бота. Қоспақ бота – айыр өркешті түйенің інгені бір туардың бурасына шағылысып кетіп барып, содан шыққан будан. Үлек бота – таза қанды нар түйенің үлек пен аруананың шағылысуынан туған ботасы. Айыр бота – таза тұқымды айыр түйенің бурасы мен інгенінің шағылысуынан туған бота. Жетім бота – енесі жоқ бота. Өлі жетім – енесі өліп қалып, басқа боталы түйеге телінбей қалған бота. Тірі жетім – үнемі жұмысқа мініліп жүретін түйенің үйде қалған ботасы. Кенже жетім – өте кеш туған ботаның енесі өліп немесе қасқыр жеп, жетім қалғанын атайды. Арамза жетім – басқа буаз түйелерден үш-төрт ай бұрын қыс ішінде боталағаннан кейін, енесі өліп артында тірі қалған ботаны дана халқымыз осылай атаған екен.

Басқа материалдар

Back to top button