Жаңалықтар

Бордақы – бабында фермерлер ойы – ет экспорттау

       Бозала таңмен таласып, баздың дағарадай дарбазасын ашқанда, іштен ұрған жеңіл бумен бірге жеткен, кейбіреу онша жақтыра қоймайтын, таныс иіс танауын қыттықтады. Күйіс қайырып, керанау тұрған тайынша мөңірегенге ұқсас марғау дыбыс шығарып, иесін таныған түр танытты.
Бұл – Алматтың дағдыланған әдеті. Әлдекімдей әсершіл де емес, алайда, бордақылау алаңының босағасымен бой таластырған бетте қиялына қанат байланатыны бар. Бүгін де сондай күй кешті. Көктеммен жеткен қуаныштың құшағында тұрғанда, “Шіркін, осы күнді әкем көргенде ғой!” деген осал ой қабағына сәл кірбің ұялатты.
Ауыл баласына төрт түлік таңсық емес. Ақтөбе жағындағы кеніште вахталық әдіспен жұмыс істеп жүріп, бос уақытында малды айналдырды. Арзанға тана-тайынша сатып алып, жемге бойлап, етін базарға шығарды. Шаруашылығы шамалы кеңейгенде қоңсыластың қорасын жалға алып, тіршілігін жал­ғастырды.
Сөйтіп жүргенде, бұдан бір жарым жылдай бұрын әкесі қайтыс болды. “Алпыстың” ауылын көрмей, жастай кетті. Арулап аттандырып, артынан ептеп есін жиғасын өндірісті доғарып, қолдағы азын-аулақ малды шаруа қожалығына айналдырды. Оған “Күмісбек” деп әкесінің атын берді.
Анасы Күлпаш – бала дәрігері. Өздері төрт ағайынды: екі қыз Теміртауда, тұрмыста. Інісі Бекзат – тарихшы, Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Ағасының мына қадамы көңіліне қонған болуы керек, мектептегі қызметінен қол үзіп, бауыры бастаған істің бір жағына шықты.
Ауданда мал бордақылауға қатты көңіл бөлінетінін, талаптанғанға тиісті қолдау көрсетілетінін біледі. “Орда бұзар” отыздың табалдырығында тұрған тұста, жасы “ойхой, жиырма беске” енді аяқ басқан інісі екеуі осы бордақылау алаңын салуға мұрындық болды.
Жастарды жігерлендіру мақсатында аудан әкімі тағайындаған арнайы грантты иеленіп, ірі қара сатып алды. Алмат Абзалбековтің “Күмісбек” шаруа қожалығының жүз басқа арналған бордақылау алаңында қазір 80 тайынша тұр. Келешекте қымыз өндіру де ойда бар: 10 жылқы желіде.
Бордақыдағы мал бүгінде ауылдың той-томалағынан да артылмайды. Тапсырыста толас жоқ. Алайда, ағайынды екі жігіттің ендігі көздегені – ет экспорттау. Әрине, ол бір шаруа қожалығы көтеретін нәрсе емес. Бірақ, кім біледі, болашақта аудан іске асырып, бір ізге салынса, көл-көсір табыстың көзі сол болар еді…

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суретте: ағайынды Алмат пен Бекзат.
Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button