Бомба қою «ойыны» эвакуация туралы ойлантады 

Бейсенбі күні бейуақытта емес, тападай тал түсте Қарағанды қаласының басындағы бақандай 12 мектепке бомба «қойылып», қаперсіз отырған талай қызметті әп-сәтте әбігерге салды. Мектебінде қамсыз жүрген оқушы, мұғалім атаулы үдере көшкені туралы ақпарат жер-көкті лезде шарлап кетті. Оның алдында бір апта бұрын Теміртау қаласында 12 жастағы бала осылай «ойнаған». Ол мектебіне жарылғыш қойылғаны туралы «әзілдеген-ді». Сөйтіп, жұртты дүрліктірген. Баланың олай етуіне себеп – «үйіне ерте қайтқысы келгендігі». Қош. Ол бір мектеп. Мына арада аттай 12 мектеп. Апта өтер-өтпесте Қарағандының он екі мектебіндегі ел «жарылғыштан» жапа тармағай далаға қашты. Қарағанды полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, абырой болғанда, жарылғыш зат мектептерден табылмаған. Ал мұны кімнің ойыны осылып жасағаны әзірге беймәлім. Бала ма, ересек пе? Оны тергеу орындары анықтайды. Бірақ, бұл – «ойын» ойлантатын «ойын». Тағы бір тыңғылықты ойлану қажеттігін ескертіп қойды. Ол – бала қауіпсіздігі. Ол – эвакуация мәселесі.

«22 желтоқсан күні сағат 11.00-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы бірқатар мектептерде жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастады. Жарылғыш зат туралы хабарламалар мектептердің электрондық поштасына түскен. Қарағанды облыстық полиция департаментінің жедел кезекшісімен мектептерге барлық жедел қызметтер жұмылдырылды. Ол жерлерді тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері хабарламаны жіберген адамды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде. 

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 14,5 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген», – деп мәлімдеді Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ата-ана, балалардың түсірген бейнежазбасы интернет кеңістікті кезіп кетті. Мұны көрген қоғам мүшелері мектептердің эвакуация жағдайына дайын еместігін атады. «Аттан!» дегенде асыға-үптіге есікке ұмтылып, көптің шығуына кедергі келтірмейтіндей қарекетке қаншалықты даярлығын осындай «ойындар» сынап жатса керек.

Расы керек, бейбіт тірлік елді эвакуация туралы аса ойлантып көрмепті. Оған пәлендей бас қатырмағанымыз өтірік емес. Енді мына жағдай, «жаман айтпай, жақсы жоқ», күн туса, қайтпек керектігін ескертті.

Әлбетте, мектептерде жылына екі, әлде үш рет дабыл соғылады. Сонда «басқа іс түскенде қалай қыламыз?» деген жайт пысықталады. Ішінде небары белгісіз. Сондықтан бұған да тыңғылықты дайындық қажет. Себебі мұнда бәсте болашағымыз тұр.

Бала қауіпсіздігіне немқұрайлымыз деп, бәрін жоққа шығару – әбестік. Ел ішіндегі біраз жаға ұстатар ауыр оқиғалардан соң әжетханаларды, әйтеуір, мектеп ішіне жинап үлгерді қоғам. Одан соң есік аузында қалғып-мүлгіген күзетші кейуана мен қыз-келіншектерден құралған «вахтер» деген күзеттен құтылғандай еді. Турникеттер қойылды. Есікте тұрған «әйел» атаулының орнына «күзет» деген жазуы бар арнайы киімді басқа қыз-келіншектермен «алмастырдық». Иә, алмастырдық. Өйткені, бұлардың киімі ғана «күзет». Өздеріне бір-бір күзет керек сол баяғы әйел заты. Барлық мектепке дерлік бейнебақылаулар орнатылды. Осыдан соң ауызды құр шөппен сүрту – ұят. Десек те, реті келген соң айтпасқа тағы амал жоқ. 

Бәріміздің ішіміз сезеді. Көлденең қойылған турникет пиғылы жаманға кедергі емес. Оған қоса бес қаруы сай емес «охрана» қыз-келіншектер де. Мектепке мамандандырылған күзет керек. Кәдімгі бес қаруы сайма-сай, сайдың тасындай іріктелген жауырыны қақпақтай қарулы жігіттері бар. Бір жұдырығы бір пұт дегендей. Әйтпесе, өзгесі өзімізді-өзіміз алдау ғана. 

Эвакуация мәселесі де дәп сондай. Жылына бір-екі «дабылға дайындық». кешегідей оқиға шындыққа шықса, қамсау емес екен. Бұрын арнайы оқу-жаттығудан өтпеген соң сасып-салдырап, мектеп ішінен уақытында шыр айналып шыға алмай қалу қаупі орасан. Жамырай ұмтылып, жаппай бірін-бірі таптап кетуді айтпағанда.

Одан соң әлеужелідегі бейнежазбадан көргеніміздей, мектептен шыққан соң оның ауласында қызықтап тұру да – эвакуациядан хабары бар, есі дұрыс адамның түзу «тұрысы» емес. Эвакуациядан иіс алмағандықтың бір белгісі. Әйтпесе, жарылғыш заттың жарты метр түгілі жүз метр жердегіні жұлып әкететін күші бар емес пе?! Эвакуация туралы білеріміздің таяздығын осыдан-ақ аңғарамыз. Ал, бұл да мамандандырылған күзет секілді мәні зор дайындық.

Сондықтан кешегі 12 мектептің мәселесі оған келген материалдық шығынын есептеумен, айыптыларды жауапқа тартумен ғана шектелмеуі тиіс. Жағалай отырып, эвакуация жайын пысықтау қажеттігін де ескертеді. Кеш болмай тұрғанда…

Аузымыз жаман дей көрмеңіз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Ortalyq.kz